Көптеген қыздар басқалармен араласқанда ыңғайсыз сұрақтарға тап болып, ұялған сәттері беттері шырайлана қызарып, кірерге жер таппай қалады. Бұл кемшілік пе? Әлде жас қыздың ұялғаннан беті қызаруы - тәрбие мен инабаттылықтың белгісі ме?
Бұл құбылыстың ғылыми тұрғыдан түсініктемесі келесідей: аяқ астынан беттің қызаруы - жасқаншақтықтың белгісі. Ал бұл өз кезегінде айналасындағыларға ашыла алмау себебінен өзін сенімді сезінбейтін жасөспірімдерде жиі байқалады.
Бұл мәселені шешу үшін неліктен ұялып, өзіңізге сенімді болмай, тіпті үрей билеп алатынын түсінуіңіз керек. Осы сұраққа жауап берсеңіз, жарты іс жасалды деп ойлай беріңіз. Қорыққанға қос көрінеді демекші нәзік жандыларға бетіне шыққан безеу де, мінсіз емес шаш сәні де кейіпін бұзып тұрғандай көрініп, өзіне деген сенімділігін мүлдем жояды. Ендеше бұл мәселенің шешімі - түпкі себебінен арылу. Бетіңіздің безеулерімен қорқыныш та кете қояды.
Қоймаса ше? Дау жоқ, жандары ерекше сезімтал, ұялшақ адамдардың мінезінде осы қасиет таңбамен басылғандай болады. Бұл жағдайда жүйке жүйесін тыныштандыратын өсімдік негізіндегі дәрілер сізге көмек бере алады. Күнделікті суық душ, массаж, жаттығулар, спортпен шұғылдану, таза ауадағы демалыс. Осының бәрі жүйке жүйеңізді тыныштандырып, сабаңызға келтіреді.
Көпшіліктің алдында сөйлеуге қорықсаңыз, әңгіменің тақырыбын алдын-ала ойластырып қойыңыз. Әңгіме барысында, сіздің тыңдарманыңыз табылғанына көзіңіз жеткенде, өзіңізге сенімділігіңіз артып, қорқынышыңыз басылады. Жалпы көптеген адамдармен араласып, жаңа таныстықтан қашпаңыз. Осылай біртіндеп үйреніп, кейін беттің қызаруынан да айрыласыз.
Сондай-ақ бұл жағдайда аутотренинг қолдануға болады. Өзіңізге өзіңіз комплимент айтып, "Мен өзіме сенімдімін, батылмын" деуден шаршамаңыз. Айнаның алдында, не маңызды кездесуге бармас бұрын айтылған осындай сөздерге уақыт өте сеніп кетуіңіз ғажап емес.
Сурет: startonlinedating.wordpress.com
Дайындаған: Сания Аринова