Үй шаруасындағы әйел мен жұмыстағы әйел

Үй шаруасындағы әйел мен жұмыстағы әйел
"Әйел адам еркектің қабырғасынан жаралған" деп жатады. Шариғат бойынша, әйел үйде отыруы керек. Ал кейбір әйелдер үйде отыруға мүлдем қарсы. Олардың ойынша, әйел де еркекпен тең дәрежеде еңбек етуге қабілетті. Біз бүгін үй шаруасындағы әйелдер мен жұмыстағы нәзік қауым төңірегінде әңгіме өрбітеміз.
 
Үй шаруасындағы әйелдер:
- өз өмірін күйеуі мен балаларына арнайды;
- жұмыс жасайтын күйеуінің есебінен күн көреді;
- жаңалықтардан көбіне шет қалады;
Жұмыстағы әйел:
- соңғы жаңалықтардан хабардар;
- өз-өзін күтеді;
- күйеуіне көп жағдайда тәуелсіз;
Қоғамда қалыптасқан стереотип сондай. Осы қатып қалған қағидаларды таратып айтсақ.
 
Кейбір әйелдер бала кездерінен-ақ күйеуге шығып, бала тәрбиелеуді армандап, өмірінің соңына дейін отбасын бірінші орынға қойып өтеді. Керісінше, отбасыдан бұрын жұмыс жайын көбірек ойлайтын әйелдер де жоқ емес. Ал кейбір нәзік жандылар отбасын тастап, жұмыс жасауға мәжбүр болады. 
Бүгінде үй шаруасында отыру аса бір жақсы атақ емес. 
Үй. Жұмыстағы әйелдің үйі мұнтаздай тап-таза болып тұруы мүмкін емес. Ал үй шаруасындағы әйелдің үйге қалай қарайтыны айтпаса да түсінікті. 

Балалардың тәрбиесі. Бұл жерде әлбетте үй шаруасындағы әйел баласына жіті көңіл бөле алады. Ал жұмыстағы әйел үйге шаршап-шалдығып қайтады, сондықтан, баласына қарауға мүмкіндігі бола бермейді.

Өз-өзіне көңіл бөлу. Жұмыстағы әйелдің өз-өзін жетілдіруіне мүмкіндігі бар. Бұл жерде қайсысына жақтасарымызды білмейміз. Себебі, кейбір үй шаруасындағы әйел де үйде отырып-ақ, кітап оқып, көрмелерге барады, соңғы жаңалықтардан құлағдар болып отыруға тырысады.

Күйеуге тәуелділік. Әлбетте, ақша жағдайын таразылар болсақ, үй шаруасындағы әйел күйеуінің қалтасына қарап отырады. Күйеуі ғана ақша табатын отбасыларда проблемаларды күйеуі өзі шешеді, ал әйелі оның қай-қай шешіміне де бас шұлғып отыруға мәжбүр.

Сыртқы күтім. Жұмыстағы әйел қалайда өзін күтеді. Өйткені ол адамдармен араласады, кімнің не киіп жүргенін көреді.

Мансап. Үй шаруасындағы әйел бірнеше жылдан соң жұмыс жасағысы келсе, оған жұмыс бірден табыла қоймайды.

Әйел адамның үйде отыруы не жұмыс жасауы мәңгілік дау іспетті. Ал сіз қалай ойлайсыз?

сурет: pssp.ru, sunhome.ru

Р. Роза