Бала мен үй-жайдың қамы ешқашан бітпек емес. Ата-ана, әсіресе, жас отбасына түсетін ауыртпалық қазіргі таңда әжептәуір: отбасын қаржылай қамтамасыз ету, туған-туыстармен қарым-қатынас орнату, үй ішінің күнделікті тыныс-тіршілігі, оның ішінде бала күтімі мен ас дайындау, үйдің тазалығы, балалардың сабағы мен басқа да міндеттері.
Ал осының барлығына үлгеріп, кешке қарай сүріне құламас үшін, отбасыңыз берік, өзіңіз бақытты болу үшін не істеу керек?
Төмендегі кеңестерге құлақ түріп көрсек:
1. Үйдегі күнделікті шаруаны кейінге қалдыра бермей, мезгілінде істелуі керек. Тазалау, сүрту, жуу, үтіктеу, пісіру, тағы сол сияқты бітпейтін ұсақ-түйек істерді неғұрлым оңтайлы етіп ұйымдастырған дұрыс. Ол үшін көмекші жалдауды, арнайы тұрмыстық техника алуды, міндеттеріңізді отбасы мүшелерімен бөлісуді қарастырып көріңіз.
2. Үйдің шаруасын балаларыңызбен бірге істеңіз. Балалар үйде жоқта немесе ұйықтап жатқанда, сүйікті істеріңізбен немесе кәсібіңізбен айналыса аласыз.
3. Балаларыңызға өзіңіздің жеке істеріңіз бар екенін үйретіңіз, сонда олар да өз уақыттарын дұрыс пайдалануды және сізді себепсіз мазаламауды үйренеді.
4. Екі істі қиыстыра орындау – уақытты үнемейтін жақсы әдеттердің бірі. Мысалы, автобуста келе жатып, аудиокітап тыңдаңыз, кезекте тұрсаңыз, хабарламаларға жауап беріңіз, ыдыс жуып тұрып, көптен хабарласпаған құрбыңызбен сөйлесуге болады.
5. Әр іске маңыздылығына қарай көңіл бөліңіз. Маңызды нәрселерге, шынайы құндылықтарға басым көңіл бөлген дұрыс. Егер сіз перзентханадан жаңа оралған болсаңыз, басқаның бәрін былай қойып, аналық сезімге бой ұсыныңыз, бөпеңізді қамқорлық пен сүйіспеншілікке бөлеңіз. Ал балаларыңыз балабақшаға барып, қолыңыз босай бастағанда уақытыңызды дұрыс жұмсалуын ойлаңыз.
6. Ертеңгі күннің жоспарын бүгін жасаңыз. Ертеңге жоспарлаған істеріңізді бір тізімге жазыңыз да, тізімдегі ең маңызды шаруаны таңертең, ертерек тындырып тастаңыз. Сонда кешке ең маңызды істің орындалмай қалғанына өкінбейсіз. Оған қоса екі-үш ұсақ-түйек жұмыстың атқарылғанына қуанасыз. Кейбір істеріңіз орындалмай қалса, өзіңізді сөкпеңіз, ертең де күн бар ғой.
7. Әр іске шектеулі уақыт бөліңіз. Мысалы, үй жинау 1 сағатқа созылатынын білсеңіз, осы іске кірісу психологиялық тұрғыдан оңай болады, өйткені бір сағатта жұмыстың бітетінін білесіз. Әрі осы шаруаны бір сағатта сапалы орындап шығасыз.
8. Асығыс істеу, әбігерлікке салыну сынды әдеттердерді доғарыңыз! Сабырлы да салмақты болыңыз, жан-дүниеңізді тыныштандырып, сабыр сақтауға тырысыңыз.
9. Сабырлы ата-ана ғана баласында жақсы тәрбие бере алады. Барыңызды бала-шағаңызға беріп, өзіңізге көңіл бөлмей жүре берсеңіз, көңіліңіз тыныштала қоймасы анық. Содан мінезіңіз де, істеген жұмысыңыз да бұзылады. Демалысты дұрыс ұйымдастыра білген жөн. Жұмыс пен демалысты кезектестіріп отырған абзал. Мысалы, екі сағат жұмыс істейсіз де, 15 минут тынығасыз. Ал жүкті әйелдердің сағат сайын үзіліс жасағаны жөн.
10. Дүкеннен алатын затыңыздың тізімін түгендеп алып барыңыз. Біріншіден, тез сауда жасап, уақыт үнемдесеңіз, екіншіден ақшаға үнем, үшіншіден, үйге келіп, «неге ананы алмадым!» деп өзіңізді сөкпейсіз.
11. Бүгін аз жұмыс істедім деп өзіңізді сөкпеңіз. Әр күннің өз ерекшелігі бар. Сол күннің істелмей қалған шаруасын ойлап, сол күннің қуанышын құртып алмаңыз.
12. Тәулікті былай бөлген дұрыс: ұйқыға – 8 сағат, жұмысқа – 6 сағат, үй іші, жанұяңыз, достарыңызға 5 сағат және өзін-өзі дамыту мен жаттығуға – 5 сағат.
Әйел адам бала-шағамен, үй шаруасымен шектеліп қалмауы тиіс. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған, мосқал тартқан ерлі-зайыптылардың біріне-бірі бөтен адамдай болып кеткені көп. Өйткені күнделікті қарекетпен жүріп, біріне-бірі көңіл бөлмеген, сырласпаған, бала-шағаның қамы мен күнделікті күнкөрістен аса алмаған, өмірдің басқа салаларына мән бермеген. Енді өмірі бос қалғандай күй кешпес үшін үйлі-баранды болған балаларының өміріне қол сұға бастайды. Келінмен ұрыс-керіс, елу-алпысқа келмей жатып, кәрілікке бой алдыру.
Әр адамның жеке мақсаты, қызығушылығы мен сүйікті ісі болуы керек, дос-жарандары болғаны жақсы. Бала-шаға ер жетіп, өзімен-өзі кеткенде, өмірдің мән-мағынасынан айырылып, жетімсіреп қалмаңыз.
«Бақытқа некеге жетелейтін бес қадам» кітабынан