Адам баласының өмірде қаншалық табысқа жетуіне оның құлшынысы мен талпынысы себепкер болмақ. Қанағат ету – жақсы қасиет. Ал бірақ, өнердегі қанағатшылық – үлкен табыстардан мақұрым етеді.
Бағзы бір заманда үш балапан өмір сүіпті. Олар бірге туып, бірге өсіп, ұядан бірге қанаттаныпты. Енді олар бірге жанға жайлы қоныс іздеуге аттаныпты.
Олар ұша-ұша бір биік таудың басына келіп қоныпты. Араларындағы біреуі ағаш басынан айналаға көз тастап:
- Па, шіркін! Бұл неткен тамаша жер. Қандай биік! Қараңдаршы, анау тауық-үйрек, қой-сиыр, тіпті атағы жер жарған тұлпарлардың өзі маған тамсана қарап тұр. Мен осы биігімде қалғым келеді. Осында тіршілік етейік, - дейді.
Қалған екі балапан бұған көнбейді. Ақыры серігінен үміт үзіп, екеуі тағы да биіктерге шырқап кетіпті. Олар ұшып отырып, зеңгір көктегі бұл арасына жетеді. Сонда қалған біреуі бар бақытын тапқандай масайрапты.
- Өмірде бұлтқа жетудің өзі қанаттылар үшін мәртебе емес пе?! Біз осында қалайық, осында мекендейік, - дейді.
Сонда жалғыз қалған балапан:
- Жоқ, мен бұдан да биік шырқау кеңістік барына сенемін. Өкініштісі сол, енді оған жалғыз талпынатын болдым, - депті де, қанатын қағып жіберіп, алты қабат аспаннан өтіп, күнді бетке алып, самғай жөнеліпті.
Содан ағаш басында қалған балапан торғайға, бұл арасында қалған балапан қоңырала қазға, ал күнді бетке алып ұшқан балапан құс патшасы бүркітке айналыпты.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: baidu.com