- Негізгі бет
- Психология
- Ұл бала тәрбиелеп...
Ұл бала тәрбиелеп отырған аналарға арналады
Қыз баланың тәрбиесі күрделірек, ал ұл баланы да нағыз ер азамат етіп өсіру оңай шаруа емес. Кім болса да, қазақ "Бала берсін, бала берсе сана берсін, сана бермесе ала берсін" дейді, дегенмен ұл бала өсіріп отырған аналар мына нәрселерді ескергені жөн.
Ер баланың эмоциясы да тереңде жатыр, тек олар мұны жасырғысы келеді. Баланың кішкене кезіндегі эмоциялары "қарным ашты, ризамын, шаршадым, ашуландым" дегенге ғана саятындай көрінеді. Бірақ бұл тек сырт көзге ғана, ал тереңіне бойлаған адамға ұл балалар жай ғана ішкі уайымын, ренішін сыртқа шығарып, талқыға салғысы келмейді. Қыз бала мен анасы күн сайын бірге отырып мұң-шерін тарқатып, көз жасына да ерік беріп алатын болса, ұл бала мұндай ашық әңгімеге ұзақ дайындалады әрі сәті түскенше ұзақ та тағатсыз күтеді.
Бастысы – жайлылық. Көптеген ата-ана ұл баланың киіміне аса мән бермейді. "Олар алдында көрінген бірінші киімді киіп кете береді, тіпті сонымен ұйықтап, мектепке де сонымен бара салады" деген пікірде. Бірақ жасөспірім бала үшін тіпті қара аяқ киім мен қызыл сызығы бар қара аяқ киімнің өзі арасы жер мен көктей саналады.
Олар бір орында тыныш отыра алмайды. Ұл бала өсіру – спорттың қиын түрлерінің бірі. Доп тебе ме, бір-бірін жұдырықтап ұра ма, бәрібір, әйтеуір физикалық белсенділікте болу ер балаларды бақытты ете түседі. Ал мұндай әрекеттен шектеу – олар үшін қаталдықтың шыңы боп есептеледі.
Оны күні-түні құшақтай берудің қажеті шамалы. Әсіресе көпшіліктің көзінше анасы құшақтап жатса, оның үстіне алты жастан асып кеткен болса, олар өзін өте ыңғайсыз сезінеді.
Ұл балалар сергітетін ойын ойлап табудың шебері. Оларға шаттық сыйлау үшін аса қымбат ойыншықтар сатып алудың қажеті жоқ. Олар дастарқанда тұрған кез келген нәрсені көлік етіп жарыстырудан не диваннан кім қашыққа секіреді деген ойыннан-ақ ләззат табады.
Ер балалар үшін бүкіл өмір жарысқа құрылады. Кім қақпаға бірінші жетеді, кімнің досы көп, кімнің асығы көп, кімнің бицепсі мықтырақ, ал кімнің аяғының өлшемі үлкен. Осылай бәсекеге толы ересектер өміріне қалай аттап кеткенін өздері білмей қалады.
@. @assel_assanova