«Егер жұмыс столыңыздың шашылып жатқанын миыңыздың көрінісі десек, таза жұмыс орнын қалай түсінуге болады?» депті Альберт Эйнштейн. Бұл сөзді өзінің жұмыс орнында заттардың шашылып жатқанын меңзеген адамға айтылған ұтымды жауап ретінде ғана қарастырсақ, қателесетініміз анық. Себебі адамның қандай екенін немесе қандай жұмысшы екенін оның жұмыс орнына қарап білуге болатынын ғалымдардың өзі дәлелдепті. Massaget.kz те бұл тақырыпты форумда талқылап, бұған дейін жетістікке жеткен адамдардың жұмыс орны туралы мәселе қозғаған болатын.
Сонымен, жұмыс столыңыз шашылып жатса бұл сіздің ұқыпсыздығыңыз ба, әлде өнімді жұмысшы екеніңіздің көрсеткіші ме? Анықтап көрелік.
Ұқыпсыздық пен шығармашылық. АҚШ-тағы Принстон университетінің мамандары шашылып жатқан жұмыс орны адамның зеректігін дамытатынын дәлелдеген. Онымен қоса ұқыпсыз жұмысшы өнімді жұмыс істейді екен.
Эйнштейннің жұмыс орны
Миннесота университетінің ғалымдары да осы тектес тақырыпты қозғап көрген: «Сыртқы жағдайлар адамның жұмыс өнімділігіне қалай әсер етеді?». Зерттей келе, ғалымдар мынадай шешімге келген – егер адамның жұмыс алаңы ұқыпсыз, шашыраңқы болса онда оның шығармашылыққа бейімі мен қабілеті ашылады, өзгеше ойлайтын болады. Ал жұмыс алаңын реттестіріп, әрқашан таза ұстайтын жандар реттік ойлау жүйесін дамытады. Яғни, шығармашылықпен айналысатын адамның ұқыпсыз болуы түсінікті болды.
Ғалымдар мұндай нәтижеге төмендегідей зерттеулерден кейін келіп отыр:
Зерттеуге қатысушылар бірде таза, ал бірде шашылып жатқан жұмыс орындарына ауысып отырып анкета толтырған.
Сөйтсе, таза столда отырып, анкета толтырғандардың қайырымдылыққа, дұрыс тамақтануға және жалпы дұрыс өмір сүруге талпынатыны белгілі болған.
Зерттеудің бас маманы Кэтлин Вос «Тазалық адамдардың өзгелерден ерекше болмауына, қайта бірқалыпты өмір сүруіне жол ашады» дейді.
Тағы да осы тектес зерттеу жүргізілген: мамандар қатысушылардан пинг-понг добының өзгеше қызметтері туралы сұрап көрген. Мұнда да жарқын идеяларымен көзге түскен адамдардың тазалыққа құмар еместігі анықталған.
Тазалыққа жаны құмар емес адамдардың шығармашылыққа бейімі болатыны осымен дәлелін тауып отыр. Ал ендігі мәселе – неліктен бала кезімізден ата-анамыз бізді тазалыққа үйретеді? Бұл баланың шығармашылық қырын жойып жібермей ме?
Марк Твеннің жұмыс орны
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: fullhdoboi.ru