Тістелген тырнақтар, олардың жан-жағындағы жалбыраған кебе (заусенец) - өте жиі таралған көрініс. Себебі саусақты ауызға ала жүгірту – тек кішкентай бабаларға ғана емес, жасөспірімдерге тән әдет.
Ғылыми тұрғыда «онихофагия» деп аталатын мәселе айтарлықтай қиындық тудырмайды. Дегенмен бұл әдетпен күресу керек. Баланы осы жағымсыз әдеттен арылту үшін алдымен оның себебін анықтап алған жөн. «Онихофагия» – тырнақ тістеуге итермелеп тұратын психикалық ауытқу.
Бұл жаман әдетті баламен оңашада қалдыруға болмайды. «Уақыт өте кетер» деп, уақыттың еншісіне қалдырудың қажеті жоқ. Себебі кейін ол дәрігердің көмегінсіз шешілмейтін психикалық ауытқуға ұласуы мүмкін.
Онихофагияның физикалық және психологиялық факторлары болады.
Физикалық факторлар:
1. Сірқабықтың (кутикула) жағдайы. Кейбір балалардың тырнақтарының айналасындағы терісі үнемі жалбырап тұрады. Олар ата-анасының көмегіне жүгінбестен, бұл жағымсыз нәрсені өздері алып тастамақ болып тырнағын тістеуі мүмкін.
2. Дәрумендік және минералдық дефицит. Адамның жүйке жүйесінің қалыпты жұмыс жасауы үшін ағзаға жеткілікті түрде дәрумендер мен минералдар қажет. Бала үшін әсіресе Е, В дәрумендері мен құрамында магний бар тағамдар тұтыну маңызды. Дәл осы пайдалы заттардың жетіспеушілігі негізінде алаңдаушылық, ашуланшақтық пен тез шаршау сезімдері басым болады.
3. Ішек құрт инвазиясы. Мамандардың пікірінше, тырнақ тістелеу әдетінің негізгі себебі – бала ағзасындағы ішек құрттардың пайда болуында. Паразиттердің ағзада бары туралы басқа да белгілер ақпарат бере алады. Олар: сілекейдің шамадан тыс бөлінуі, тоқ ішек тұсындағы қышу сезімдері, мінез-құлықтың күрт өзгеруі, себепсіз жөтел.
Психогенді негізгі фактор – шамадан тыс алаңдаушылық және күйзеліске бейімділік.
Тырнақ тістеу тек қана жағымсыз әдет емес, ол – психикалық ауытқушылықтың белгісі. Оның себептері туралы сөз етілсе, оның салдары да жоқ емес:
1. Тырнақ пен жан-жағындағы терінің зақымдануы. Бұл да эстетикалық проблемаға айналуы мүмкін.
2. Тырнақтың қалыпты өсуінің тежелуі.
3. Тырнақтың айналасындағы теріге ауру жұғуы.
4. Үнемі саусақты ауызға сала бергеннен пайда болатын тіс және қызылиек проблемалары.
5. Құрт аурулары. (Тырнақ астында құрттардың дернәсілдері жиі кездеседі)
6. Иммундық жүйенің әлсіздігінен үнемі вирустық ауруларға шалдығу.
7. Қатарластарының күлкі етуі.
8. Өзіне деген сенімсіздік.
Тырнақ тістелеу әдетінен құтылуға көмектесетін тәсілдер:
1. Ең бірінші және ең көп таралған әдіс – тырнақтың айналасына ащы табиғи заттарды жағу. Әдетте бірнеше рет қышқыл немесе ащы дәмді сезген соң, бала тырнақ тістемейтін болады.
2. Үлкендер тырнақтың айналасына жасыл дәрі жағып қоюға кеңес береді. Себебі саусақтың сыртқы келбеті баланы тырнақ тістеуден айнытып жіберуі мүмкін. Ал ерінде қалған жасыл дәрінің түрінің өзі баланы тырнақ тістеуден бас тартқызуға себеп болады деп сенген.
Бұл тәсілдер нақты көмектеседі деп айтуға болмайды. Олар әсіресе екі мен төрт жас аралығындағы балаларға жиі көмектеседі. Бұдан үлкен балаларға бұл тәсілдер жарамайды.
Бұл әдеттің себебін өз бетімен анықтау оңай емес. Сол себепті мұнда психолог маманның көмегі көптік етпейді. Алайда аса ауыр жағдайларда невролог пен гастроэнтереологтың да жәрдемі керек болады.
Жағымсыз әдетпен күресуде көмекке келетін психологтың кеңестері:
- Баланы тырнақ күтімін жасауға үйретіңіз, тырнақ күтіміне арналған жинақ сыйға тартып, әр инструменттің қолданылуын көрсетіңіз. Бұл тәсіл қыздарға жақсы әсер етеді.
- Егер бала тырнақ тістеп жатқанын көріп қалсаңыз, оның назарын басқа жаққа аударып жіберуге тырысыңыз. Оған қандай да бір тапсырма беріп немесе әңгімелесіңіз. Сіздің барлық сөздеріңіз бен өтініштеріңіз балада жағымды әсер қалдырғаны дұрыс.
- Балаға қызықты істермен айналасуға мүмкіндік жасаңыз. Мұнда қызықты фильмдер, кітаптар немесе ойындар көмектесуі ықтимал. Егер де бала іштегі толқынысын басқа да тәсілдермен шығара алатын болса, ол тырнақ тістегенін доғаруы мүмкін.
Ата-ана баласына жағымды эмоцияларды неғұрлым көп сыйлауы керек. Баланы көбірек сүйіп, жиі құшағыңызға алыңыз!