Түс көру – пенде баласына тән тылсымдардың бірі. Тылсым деп қарағанмен, көрген түске қарай түрлі жорамалдар айтылады. Мұны түс жору дейді. Түс жору – қазақтың мәдениетінде ертеден басталып, күні бүгінге дейін жалғасып келе жатқан тамаша ғұрыптарының бірі.
Ертеде түсті қариялар жақсылыққа жоруға тырысқан. Егер қандай да бір қауіптен сескенсе, алдын алуға тырысқан. Мәселен, түсінде бір адамды жылан шағып алып оянса, онда таңертең бір шұбар жылан реңді шүберекті жылан бейнесінде жыртып алып, ол шүберекті басынан үш рет айналдырып "жаман түсімді жыланға көшір" деген сөзді үш рет айтып, оған бір ақ тамызып, отқа өртеп жіберсе жаман түс жыланға көшіп, келе жатқан қатерден аман қалады деген наным бар. Жылан демекші, адам түсінде жылан көрсе не болады?
Адамдардың көбі жыланнан қорқады. "Түсімде жылан көріппін" деп түсін бастайтын жандарды талай кездестірген де боларсыз. Жалпы қазақ ұғымында жылан – улы, заһарлы, адам баласына қастас жәндік саналады.
Әдеби ұғымда жыланды жауыз, жексұрын бейнесінде суреттейді. Қазақтың ертегі-аңыздарында "жылан ордасы", "жылан патшалығы" деген аңыздар мен мысалдар көп. Қазақтың әдеби тілінде "жыланды үш кессе де, кесірткелік әлі бар", "жыланға түк біткен сайын қалтырауық", "жылан шаққан ала жіптен аттамас", "жағыңа жылан жұмыртқаласын", "жылан жалағандай тап-тақыр", "торғай жұтқан жыландай", "оқ жыландай атылды", "айыр тілді жыландай", "жылан тіл, жылан сөз, жылан көз" деген сөз тіркестері бар.
Қазақ жыланның еркегін – қожыр бас, ұрғашысын – майда, баласын – иіртек деп атайды. Түсіне қарай "шұбар жылан", "сұр жылан", "ақ жылан", "көк жылан", "сары жылан", "қоңыр жылан", "ала жылан", "тарғыл жылан", "кер жылан", "жасыл жылан", т.б. атап жатады. Ал түске кірген жылан кейде жағымды, кейде жағымсыз болып жорылады.
1. Түсіңде жылан жолыңды кесіп өтсе...
Бұл түс – жақсылықтың нышаны емес. Алда қауіп-қатер барын ескертеді. Жауыңыз артып, жолыңыз болмауы мүмкін. Мұндайда жоғарыда айтылған нанымды орындап, "жаман түсімді жыланға көшір" деп сұраған.
2. Түсіңде жылан қуып жүрсе, оралып алса, не шағатын болса...
Бұл түс те қауіп-қатердің белгісі. Дұшпандардың торына түсуіңіз мүмкін. Түсіңізді дуалы ауызды адам тауып жорытып, оған садақа беріп, түс баяндарыңызды құпия ұстағаныңыз жөн.
3. Түсіңізде жылан босағада немесе шаңырағыңызда салақтап тұрса...
Мұндай түс көргендер үшін де қауіп-қатер бары ескертіледі. Түсіңізді иманды адамға жорытып, түс садақасына қара түсті нәрсе беріп, жөні болса құдайы тамақ жасаңыз.
4. Түсіңізде жыланды өлтірсеңіз...
Бұл – жақсылық нышаны. Онда өңіңізде беделіңіз өсіп, дәулетіңіз артып, бақ жұлдызыңыз жанады. Түсіңізді анаңызға жорытыңыз.
5. Түсіңізде ақ жылан көрсеңіз...
Онда дұшпаныңыз мұсылман болуы мүмкін. Иман келтіріп, жақсы тілек тілеп, ақ ниет қылсаңыз жолыңыз жақсылыққа ашылып, ол дұшпаныңыз қайтадан досыңызға айналады.
6. Түсіңізде жылан сізге зиян-зақым қылмаса...
Бұл түс – жақсылық нышаны. Түсіңізді анаңызға жорытып, ақ түсті нәрседен садақа бергеніңіз оң болады.
Сондай-ақ түсіңде жылан көрсең ауырып қалуың, досыңның опасыздығына кезігуің мүмкін деп те жорылады. Зымиян әйелдерден сақтану жайлы да ескертулер айтылады. Одан өзге жылан көрсең қуаныш пен байлыққа кенелесің деп те жориды.
Көрген түстеріңіз таңғажайып болсын!