- Негізгі бет
- Психология
- Түс – қиял...
Түс – қиял ма, әлде шындық па?
Түрлі технологияны меңгерген заманда өмір сүріп жатқанымызға қарамастан, әлі де толық аша алмаған құпияларымыз көп. Сол құпиялардың бірі – адамның түсі. Түс көрсек, ата-әжелерімізге жорытып, болашағымызға болжамдар аламыз. Түстің құдіреттілігі әдебиетте де айтылады. Эпостарда баяндалатындай батырлар жорыққа аттанар алдында түс көріп, шайқаста жеңіске жетер, жетпейтінін алдын ала пайымдаған. Бұдан өзге шет елден қалаған түсіңізге тапсырыс беріп, оны көруге мүмкіндік беретін құрылғыларды табуға болады. Осы секілді жетістіктерге қарамастан, түстің не екеніне ресми түрде дәл анықтама берілмей отыр. Олай болса "Түс - шындық па, қиял ма?" деген сұраққа мамандардың көмегімен жауап іздеп көрейік.
Адамның бір түнде көретін түсінде оқиғалар толығымен баяндалмайды. Материалистердің айтуынша, түс дегеніміз – ми функцияларының бірі ғана. Яғни, адам ұйқыға кеткен кезде ми сөніп, жалған қиялға сене бастайды.
Өкінішке орай, бұл да дәл анықтама емес. Ұйқыға кеткен ми ойда жоқ картиналарды қалай көз алдымызға әкеле алады? Мұнымен қатар, бір түс шындыққа жанасса, енді бірде адам сенгісіз күйде болады. Мысалы, үйіңіздегі бөлмелердің орны ауысады немесе сіз бұрын-соңды жақсы танитын адамдар өздеріне ұқсамайды. Және өміріңізде мүлдем көрмеген бейтаныс адамдардың кездеседі. Жауаптарға қарағанда, сұрақтар тым көп. Десе де жауабын іздеп көруге болады. Материяны бірінші орынға қойып, сананы шетке ысыратын материалистердің бұл сұраққа жауабын білдік. Енді идеализм не дейтінін анықтап көрейік. Олар айналамыздағы жаратылыстың, заттардың барлығының санамызда пайда болып, өмір сүріп жатқандығын айтады. Бұл тұжырымды теріске шығаратындар да аз емес.
Шындық қайда? Өмірде кез келген нәрсенің екі жағы бар. Ғалымдардың жылдар бойы дәлелдеп келе жатқанын бір сәтте-ақ теріске шығарып немесе шындыққа айналдырып жіберуге болады. Себебі, қай тұжырымда болмасын екі жаққа да тиесілі қасиеттер бар.
Мамандар:
Түстің не екенін түсіну үшін ең алдымен санамызды ретке келтіруіміз керек. Оның да екі жағы бар екенін байқаған шығарсыз? Ми сөнген кезде, сана да өшеді. Адам ояу кезде бар билік санаға беріледі, ал ол сөнген кезде билік жанға көшеді. Ұйқы кезінде сана да толық өшпей қарапайым бақылаушыға айналады. Ал жанымыз сол мезетте ақпарат жинауға кіріседі. Адамның санасы демалып жатқан сәтте, жаны оның өмірінің өзге арналарында қыдырады. Ал ол арналардың саны шексіз. Арналар шындықтан алыстаған сайын, түстер де соғұрлым қияли болып келеді. Ең бастысы ешқандай сиқыр жоқ.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: liveinternet.ru
Қ. Бүйенбай