- Негізгі бет
- Психология
- «Түріне сенген» жігіттер...
«Түріне сенген» жігіттер махаббатта тұрақсыз
Жастардың арасында «түріне сенген» деген сөз жиі кездесіп жатады. Бұл сөзді жігітке де, қызға да қосып айтады. Ал «түріне сенген» жігіттер қандай болады? Жастар тілінде бұл сөз келбеті мен сымбаты келіскен сері жігіттерге қаратып айтылады. Олар өздерінің сұлу болмыстарын өздері мойындап, сол арқылы паңданып жүретін жігіттер. «Түріне сенетін жігіт» деген сөзді көбіне қыздар қауымы айтып жатады. Қыздардың ойынша, түрін бірінші орынға қоятын жігіттер махаббатта қандай қарым-қатынас орната алады?
Олар көбіне қарым-қатынасқа тұрақсыз болып келеді.
Олар ұнатқан қызын жоғалтып алудан қорықпайды. Онымен айрылысса тағы бір сұлудың жүрегін жаулап ала салам деп ойлап, махаббаттағы анау-мынау келеңсіздіктерге аса қам жемейді.
Олар көбіне қыздардың көз жасын жақсы көреді. Сол арқылы өздерін маңызды сезінеді.
Олардың «табынушы» қыздары көп болады. Соңынан ерген арулар көп болған сайын ол да мұрнын көке шүйіріп, жер жаһанға сыймай жүреді.
Олар көбіне сыңарын іздегенде ең алдымен келбетке қарайды.
Олар қыздың жүрегін жаулап алу үшін саусағының ұшын да қимылдатпайды. «Бір қарап, көзімді қыссам болды, сындырып аламын» деп ойлайды.
Олар романтикаға да әуре болмайды. Өзінің сұлулығының өзін романтикаға балайды.
Олар қыздар қауымын басынан-аяғына дейін сынайды. Достарының қыздарын да, тіпті.
Олар қыздардың дене-бітімі мен бет-әлпетіндегі мінін бетіне айта салудан тайсалмайды.
Олар махаббатпен қатты «ауырмайды». Ауырған күнде де тез айығып алады.
Олар өздерінің сұлу келбетімен біраз келеңсіздіктерден сытылып кете алам деп ойлайды. Бірақ үнемі жолы бола бермейді.
А. Әбілхан