Соңғы жылдары қызға "тұрмысқа шықшы" деп арнайы ұсыныс жасау біздің арамызда да сәнге айналды. Жігіттер бірінен-бірі ерекшеленгісі келіп, небір креатив ойлап табуда. Осыған орай, тұрмысқа шығатыны белгілі болса да, қыздар жігітінен арнайы ұсынысты күтетін болды. Біздің де өмір салтымыздың жаңа салтанатына айналып бара жатқан тұрмысқа шығу ұсынысын қалай айтқан дұрыс?
"Маған тұрмысқа шығасың ба?", "Менің жарым боласың ба?" деген сөздерді айту өте қиын. Өйткені отбасын құру – әрбір жұптың өміріндегі ең маңызды қадам. Бұл ұсынысты жасамас бұрын қыздың да отбасылық өмірге дайын екеніне көз жеткізу керек. Тек бір сөйлемді ғана айтып қоймай, жүрегіңізден шыққан шынайы сезіміңізді де ақтарудың әбестігі жоқ. Мысалы: "Сені кездестіргелі бері өмірім түбегейлі өзгерді. Сенсіз бұрын қалай өмір сүргенімді де білмеймін. Сондықтан мәңгі жанымда болғаныңды қалаймын. Маған тұрмысқа шығасың ба?" деп айтуға болады. Қызыңыз екеуіңіз қанша жақын болсаңыз да, оның "жоқ", "ойлануым керек" деген жауаптарына іштей дайын болғаныңыз дұрыс. Өйткені қыз бала – шешілмеген жұмбақ. Егер оның көңілі толмай қалса немесе көңіл-күйі болмаса, ұсынысты сол күні жасамай, әліптің артын бағыңыз.
Кейбіреулер тұрмысқа шығу ұсынысын айту үшін шоу жасап жатады. Әрине, бұл сырт көзге романтикаға толы әдемі оқиға болып көрінеді. Бірақ махаббат деген – екі адам ғана түсінетін жасырын әлем емес пе? Бірақ қалта көтерсе және өзіңіз де шулы ортаны, қалың халықты қаласаңыз, бәрінің көзінше сезіміңізді айтудың асқан сөлекеттігі жоқ. Ал бұл маңызды ұсынысты қай жерде жасауға болады?
– Шатырдың үстінде,
– Екеуіңіз жиі кездесетін орында,
– Екеуіңіз бірге барған концерт, кино уақытында,
– Паркте таңды бірге қарсы алғанда,
– Тауға шыққанда, биік жерде, т.б.
Ең бастысы – тұрмысқа шығу ұсынысы күтпеген жерден жасалуы керек. Қызыңыз таңырқап, қуаныштан бал-бұл жанса, мақсатыңыздың орындалғаны. Бақыт тілейміз!
Ұқсас жазба:
Жанұя құруға дайынсыз ба?
Сурет: vk.com