Түрлі-түсті тауарлар

Тауарларды қабығын ұнатып қалғандықтан, сатып алу әдеті сізде де бар ма? Сол қабық түсінің санамызға әсері бар екендігі сіздерге белгілі ме? Түстердің қандай күші бар?

Жасыл

Бұл түсті қай жерде жиі байқаймыз? Дұрыс, банктарда. Банктардың көбі логотиптарында жасыл түсті қолданады. Жасыл түс ақша, материалды жағдайдың тұрақтылығы мен байлықтың нышаны. Жасыл – көзге ең жағымды көрінетін түстердің бірі, ол жүйкені тыныштандырып, уайымды кетіреді. Бұл түс сондай-ақ дәріханаларда, ауруханаларда қолданылады.

Қызыл

Қызыл түсті тауарлардың бетінде "Мені сатып алсаң, көшбасшы боласың!" деп жазылып тұрғандай. Бұл түс батылдықты арттырып, жаңа белестерді бағындыруға шақырады.

Көк

Көк, көгілдір түстер ойландыруға, басқалармен тілдесуге шақырады. Сондықтан болар, көптеген қоғамдық желілер осы түсте орындалған. Көгілдір түс көзді демалтып, стрсстен құтқарады.

Ақ

Ақ түс тазалық пек пәктікпен үйлеседі. Ал толықтай ақ тауарлар дүкендерде көп кездесе бермейді. Ақ қабықтың бетіндегі жазуларды еш алаңдаусыз оқып, тауармен дұрыс танысуға болады. Сондықтан бұл түсті ең шынайы өндірушілер ғана таңдайтын болар.

Күлгін

Көптеген психологтардың айтуынша, күлгін түс психикасы жараланғандардың сүйікті түсі. Алайда көбіміз үшін күлгін түсі байлық пен салтанаттылықтың нышаны. Сондықтан бұл түсті қағазға оралған шоколадтар, тәттілер ерекше жақсы өтеді.

Сары

Сары түс өмірге деген құлшыныс пен алға жүруге итермелейді. Жастар киімдерінің брендтері осы түсті көптеп қолданады. Сары түс қуаныш, жастық, белсенділік нышаны. Сары түс фастфуд өндірушулерінің де сүйікті түсі.

Қызылт-сары 

Бұл түс бірден өзіне көңіліңізді аударады. Ол қуаныш, шаттық, бақытты сипаттайды. Ол денсаулық, салауатты өмірді дәріптейді. Сондықтан бұл түсті шырын, сусын бөтелкелерінен байқауға болады.

Алқызыл

Қыздардың дәстүрлі түсі аруларға бағытталған тауарларда көптеп кездеседі. Қуыршақтар, косметика, тәттілер сынды тауарлар түсімен-ақ өздерінің қыздарға арналғандығын айтып тұрады.

Қоңыр

Қоңыр түс жайлылық пен үй жылуын көрсетеді. Шәй мен шоколад қабықтары қоңыр болатыны да осыдан шығар?

Келесі жолы дүкенге барғанда, тауардың қорабының түсіне емес, оның құрамына, қасиеттеріне қарап алыңыз. Маркетолог пен психологтардың қойған торларына түспей, шашылмауға тырысыңыз.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: shkolazhizni.ru