Туған-туыспен қарым-қатынастағы басты қару – темірдей төзім

Туған-туыспен қарым-қатынастағы басты қару – темірдей төзім
Фото: TUB GIT

Кейде басқа адамдармен тым жақсы қарым-қатынас жасасақ та, өз туысымызбен жақын араласа алмаймыз. Тіпті туған әке-шешеміздің тілін таба алмай, ренжісіп қалатын кез жиі болады. 

Туған-туыспен жақын араласу үшін қандай қағидаларды ұстану керек?

1. Оның кемшіліктеріне көз жұмыңыз. Егер мәселен сіздің әпкеңіз күйеуіңізді ұнатпай, оны жазғырса (ақшаны аз табады, т.б.) ешқашан қосыла кетпеңіз. Керісінше, жарыңыздың жақсы жағын айтып, туған-туыстың оған деген көзқарасын өзгертіңіз. 

2. Кейде ата-әжесі немересін шектен тыс жақсы көріп, өз әке-шешесіне қарсы қойып қояды. Бұл жерде аса сақтықпен терең ойлану керек. Егер ата-әжесі бала бағуға байыпты қарайтын болса, жақсы тәрбие беретініне сенсеңіз, оларға мүмкіндік беріңіз. 

Туған-туыспен қарым-қатынастағы басты қару – темірдей төзім. Әр отбасының өзіндік мақсаты болуы керек. Мақсаты жоқ жанұяда береке де болмайды. Ақыл-ой мен білім біріксе, адам кез келген жағдайдан оң шешім тауып шығады.

Егер отбасында әйел күйеуін сыйламаса, оның сөзін тыңдамаса,  әйелі де, күйеуі де өз-өздерімен жұмыс істеуі керек. Бұл жағдайда екеуінікі де дұрыс емес. Жеке тұлға болып қалыптасуға, ішкі үндестікті табуға жұмыс істеген адам кешірімді, жұмсақ бола түседі. 

Еркек – отбасының миы, әйел – отбасының сезімі, балалар – отбасының жүрегі. Отбасы да ағза сияқты. Егер әйелдің көңіл-күйі болмаса, үйден береке кетіп, бәрі бір-бірімен ұрсыса бастайды. Еркектің көңіл-күйі болмаса, отбасындағы тірлік, шаруаның бәрі тоқтап қалады. Балалардың энергиясы көп. Балалар отбасында көзге көрінбесе де, айқын сезілетін үндестікті байқаса, өте бақытты болып кетеді. Баланың күлкісі шаңыраққа шаттық сыйлайды. Керісінше жағдайда бала бір бұрышқа бүрісіп отырып қалады не болмаса өз бөлмесінде жалғыздан-жалғыз қалғанды жөн көреді. Отбасын тұрақты етуге еркек те, әйел де тырысуы керек. Өйткені жанұя дегеніміз – ойдың, мақсаттың бірлігі. 

М. Оңғарова