Ес біліп, етек жия бастаған әрбір бозбала мен бойжеткен қызықты отырыстар мен көңілді жиындарға құмар келеді. Сондықтан болар, ата-анасынан туған күн жасау туралы өтінішті ең көп білдіретіндер де осы 13-16 жас аралығындағы жеткіншектер.
Таяуда туған күніңіз бе? Қуанышыңызды достарыңызбен бөліскіңіз келе ме? Біздің кеңес сіз үшін!
Ең алдымен ата-анаңыздың рұқсатын алыңыз. Егер, олардың жағдайы болмай тұрса, ренжіп, ұрыс-керіс шығарушы болмаңыз. Олар сіз үшін өмір сүретін адамдар және сізге жақсы деген жағдайдың бәрін жасап беруге бар, содан бақыт, қуаныш табады. Сол себептен, жағдайды айтып түсіндірсе, сабырлық танытып, туған күн кешін келер жылға қалдырыңыз.
Егер, ата-анаңыз шешіміңзді құптап жатса, достарыңыз, өзіңіз үшін естен кетпес кеш ұйымдастыруыңыз керек. Бәрі де ойдағыдай болса, достарыңыздың саны артып, сізге деген құрметі арта түседі. Бірнеше жылдар бойы ұмытпастан айтып жүретін болады. Сіздің жасыңыздағы жеткіншек үшін бұл өте маңызды екендігін білеміз.
Қатарластарыңыз үшін күлдіргіштер мен қарақшылардың кейпіндегі адамдар қызық емес. Олар жаңа нәрсе көргісі, білгісі келетін, есеюге асығатын жаста. Қаржы жағдайыңыз көтеретін болса, қонақтарды аквапаркке, ролик, коньки тебуге, боулингке немесе ойын-сауық орталықтарына шақырыңыз. Бұл жерде әркім өзіне қызық істі тауып алады, еркін жүресіздер, өзге ортамен байланысқа түсесіздер, секіресіздер, айқайлайсыздар, жүгіресіздер.
Жігіттерге: қыздардың қатысуынсыз атап өткіңіз келсе жігіттер үшін футбол ұйымдастырыңыз, жеңген топқа ата-анаңыз берген ақшаға сыйлық үлестіріңіз. Жарыс соңында дәмханаға барып тамақтаныңыздар.
Қыздарға: жігіттердің қатысуынсыз атап өткіңіз келсе, құрбыларыңызбен бірге фотосессия ұйымдастырыңыздар. Ол үшін қыздардан жақсы киімдерін киіп, сұлуланып келуін өтінесіз. Көрінісі керемет жерлерді таңдап суретке түсіп, мәңгі сақталатын альбом жасауға, бейнебаян дайындауға болады.
Сыныптастарыңызбен бірге велосаяхат жасауға қалай қарайсыз? Қалаңызда велосипедті жалға беретін көптеген орындар бар. Бұл саяхат арқасында сабақты ұмытып, аз уақыт болсын сергіп, демалып қайтасыздар. Бастысы – бәріңіз біргесіздер.
Жаз уақытысында көкке шығып, кәуап пісіріп, әр түрлі қызықты ойындар ұйымдастыруға (футбол, воллейбол, теннис, бадминтон) да ешкім қой демесі анық. Қыс ауасында кинотеатрға, театрға баруға мүмкіндік бар. Тек алдын-ала сіздің жасыңыз үшін қызықты киноны, қойылымды таңдап алу керек.
Ең соңғы нұсқа – туған күнді үйде қарсы алу. Иә, қызықты сценарий бар болса, кеш үйде де көңілді өтеді. Біріншіден, қатарластарыңыздың алдына тым көп тағам қоюдан аулақ болыңыз. Әбден тойынып алған адамның басқа нәрсеге ықыласы жоғалады. Алдын-ала дайындаған ойындардың нашар өткенін қаламайсыз ғой? Дастарқанда міндетті түрде ерекше торт болсын. Басқасын анаңызбен ақылдасқаныңыз жөн (пицца, бургер сынды жеңіл тағамдар дұрыс секілді).
Міндетті түрде алдын-ала жақсы әуендер немесе өнерлі достарыңыз үшін домбыра, гитара дайындап қойыңыз. Қатарластарыңыздың билегісі келетіні анық. Және бірнеше ойын түрін ұйымдастыру керек. Сізге көмек ретінде мына нұсқаларды ұсынып көрмекпіз.
"Сөйлем құра" ойыны. Бір бет қағаз арналады да, ортаға тақырып тасталады. Әркім алдыңғы сөйлемдерді оқымастан сол тақырып бойынша сөйлем құрап жазады. Соңында жүргізуші сөйлемдердің барлығын біріктіріп оқиды. Нәтижесінде, қызықты әңгіме шығады.
Тапсырма орындату. Әртүрлі қызықты тапсырмаларды ұсақ қағаздарға жазып, шар ішіне саласыз да, үресіз. Бәрі дайын болғанда жарасыз, қатысушылар шашылған қағаздарды теріп алады да, жазылған тапсырмаларды орындайды. Орындамаған адам өнерін көрсетеді.
Дастарқан басында отырып ойналатын ойын: бастаушы дастарханда тұрған тағамның бір түйірін шанышқымен алып, стақандағы суға салады, барлығы да дәл осылай жалғастырады. Шанышқымен алғанда тағамды түсіріп алған адам, стақанға жиналғандардың барлығын жеу керек.
Би жарысы. Әртүрлі ұлттың биінен ұйымдастырылатын жарысты жақсы білетін шығарсыз. Қатарластарыңызға бұл сайын ұнауы керек. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтарын табыс етуді ұмытпаңыз!
Туған күніңіздің естен кетпестей болып өтуіне тілектеспіз! Достарыңыз көп болсын!
Туған күн туралы қызықты деректерді мына жерден оқи аласыздар.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева