Мен өмір бойы қажымай күресіп өтетін еліктіргіш құбылыс – цинизм
(Альберт Камю)
Циник философиялық ағымдардың бірі ретінде пайда болғанымен, дәл қазір күнделікті өмірде адамдардың іс-әрекетіне қарай, оларға баға берудің атауы ретінде қолданылады. Циник – адамдар үшін аса қымбат жан-дүние жауһарларына, ішкі сезімдеріне суық қарап, олар бағалайтын құндылықтарға қол сілтейтін адам. Әлбетте, ешкім іштен циник болып тумайды. Циник болуға итермелейтін, үйрететін – қатал тірлік, қатыгез өмір.
Көбінесе ақ пен қараны айыратын жасқа жеткен кезде, жасөспірім шақта адамдар циник бола бастайды. Циник сезімталдыққа, эмоциялыққа берілмейтін, тіпті, оларға қолын бір сілтеп, адамға да, жансыз нәрсеге де зат ретінде қарайтын жан.
Циник - ойлап тұрғанын бетке лақ еткізе салатын адам. Қалыптасқан көзқарасқа, қоғамға нигилистік қарым-қатынас жасайтын жан. Циник адамда жеке пайдасынан басқа мақсат жоқ деп ойлайды да, адамгершілік, ар мәселесін екінші орынға ысырып тастайды. Адалдық, арлылық, махаббат сияқты сезімдерге сенбейді. Циниктің шырқау шегі, кейбір циниктердің бара алатын ісі – қатігездік.
Дәрігерлер – циниктер
Көбіне дәрігерлердің бәрі циник болуға талпынады. Олар адамның тағдырын қолдарына ұстай тұрып, сезім мәселесіне бей-жай қарайды. Менің тірі қалу қалмауым осы отадан соң шешіледі, ал дәрігер үшін бұл күнде көріп жүрген оқиға. Менің не ойлайтынымның құны олар үшін көк тиын. Ол саған дерті жанына батқан адам ретінде емес, пациент ретінде қарап, көбіне эмоциясын ішінде сақтауға тырысады. Дәрігерлердің кәсібі үшін цинизм ауадай қажет. Ал қарапайым адамға керек пе?
Басқа салалардағы циниктер
Циниктер кез келген салада бар. Ірі компанияларда, үлкен жобалармен айналысатын фирмаларда циник болмасаң, тағы болмайды. Өйткені, циниктер біреуді аяймын деп, оның жан-дүниесін ұғамын деп өз басына бәле іздемейді. Жоғарыда айтып кеткеніміздей, жансыз нәрсеге қалай қараса, адамға да солай қарайды.
Махаббат пен циник
Махаббат, қарым-қатынас мәселесінде циник болуға әлбетте, болмайды, - деп ойлаған боларсыз. Өйткені, нағыз шынайы сезім дегеніміздің өзі махаббат емес пе? Жоқ! Цинизм жігіт пен қыздың ара-қатынасында да бар екен. Махаббаттан аузы күйді ме, басқа себептері бар ма, кейбір қыз-жігіттер кездесіп жүріп-ақ, циник бола алады. Бар нәрсеге бар, жоқ нәрсеге жоқ деп қарайтын оларды ештеңемен таңғалдыра алмайсың. Циник жігіт үшін кездесіп жүрген қызы мәңгілік махаббаты, сағынышы, іңкәрлігі емес, тек қана «жүріп жүрген адамы».
Әдебиеттегі циник
В. Токареваның «Жүзу нұсқаушысы» әңгімесіндегі басты кейіпкер Таняның танысатын адамы - циник. Ол мына жерлерінен көрінеді:
- Қанша жастасыз?-Мен енді оның назарын өзіне аударту арқылы жақынырақ танысқым келді.
- Отыз бірдемін.
- Үйленгенсіз бе?
- Үйленгенмін.
- Оның аты кім?
- Сенің атың сияқты.
-Оны сүйесіз бе?
Ив Монтан ойланып кетті.
- Әрине, - деді ол. Соншалықты не туралы ойлағаны белгісіз. Осылай деп жауап беруі үшін ұзақ ойланудың да қажеті шамалы еді.
- Сары шашты қыз ше? - деп таңдандым мен.
- Сары шашты қыз – сары шашты қыз, әйел –әйел.
- Ал мен – менмін бе?
- Ал сен – сенсің...
сурет: vkontakte.ru