Келін де, күйеу жігіт те, олардың ата-аналары да «Махаббаттың құдірет күші әлдилеген» күннің қарсаңында киімнің түймесінен құдалар үстеліне дейін бәрін уайымдайды. Олар дәл сол күні неше түрлі сұмдықты бастан кешіреді. Бұл сұмдықтың ішінде қуаныш та, уайым да, болашаққа деген сенім де, тойға жиналған қауымның іші-сыртындағы ойы – бәрі жатыр. Ал осы сыйға бәрі дайын ба?
Алдымен, ата-ана.
Күйеу жігіттің ата-анасы: Олар бір баласының екеу болып, шаңыраққа жаңа адам келіп жатқанына, келіннің орамалымен бірге үйге құт-берекенің ілесіп келе жатқанына қуанады. Киіт, тойбастар, сарқыт деген дүниелердің саны мен сапасын ойлап, кімге қалай жеткіземін деп шыр-пыр болып жүруден бір кезек ойын сергітіп алады. Олардың бар уайымы осы тойды аман-есен, бар халімізше атап өтсек, ел алдында балаларымыз бата алса деген ниетпен жүреді. Анасы келінге қарап, өзінің жас шағын есіне алып, «келінім-қызым» деп қараса, әкесі баласының тойға жиналған дос-құрдастары, әріптес-бастықтарының тілек-ниеттерін естіп-көріп, «Балам азамат болды» деп бір марқайып қалады.
Келіннің ата-анасы: Олар да тойдың қамына ерте кірісіп, ағайын-туманы жинап, қызының өкшесі көтерілер сәтіне дайындалады. Анасы қызының жат үйге тастап батып, судай сіңуін, өзі атқарған келіндік қызметті қызы да шыр айналдырып әкеткенін қалайды. Ал әкесіне тым қиын. Мәпелеп, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген қызын құдасына табыстау – жүрегіне ауыр, әрине. Десе де, қызының үлкен әулеттің мүшесіне айлналатынын көріп, оған сенім артады.
Ал енді ғашықтар.
Күйеу жігіт: Жаңа орта, жаңа адамдар. Әсіресе, сүйген жарыңның қабағын қатып жүрген ағаларын елемеу мүмкін емес секілді. Бірақ олардың да ақ батасын беріп, іштей жылып тұрғаны да белгілі. Бір үйдің үкілеген үмітін қолына қондырып, алып кетіп бара жатқанын, мойнына үлкен жауапкершілік артылып тұрғанын да бұл жігіт біліп тұр.
Келін: Ең үлкен күш осы кісіге түседі. Өз үйінен кетіп бара жатқанына жүрегі ауырады. Жаңа отбасыға түскендегі жаңа адамдардың назары мен сөзі тағы бар. Ата-енесін сыйлап, олар құрмет көрсету – ол үшін үлкен міндет. Бастысы – сүйіп қосылған, мәңгі алақанында ұстап өтетін ханзадасы жанында. Оның жанары, сөзі мен ыстық құшағы айналада тізіліп жүретін жылан сөздерден, сұқтанған көздерден қорғап тұратынын келін іштей сезіп, содан қайрат алып, ештеңе көрмеген, естімеген, білмеген секілді кейіппен жүреді.
Осы төрт сезімнің қайсысын бастан кешіп көрдіңіз?