- Негізгі бет
- Психология
- Тойға дайындық: Қалыңдық...
Тойға дайындық: Қалыңдық қорқынышы #2
Үйлену оңай, үй болу қиын дегенмен, үйлену тойының да қиыншылықтары жетерлік. Әр ұсақ-түйегіне дейін ұйымдастырып, реттеп қою қыз баласының, әйел адамының мойнында.
Өмірде бір рет келетін отау құру тойы сценариі жазылған концерт секілді бірқалыпты өтіп кетпей, нағыз мерекеге айналып, қуаныш сыйласын десеңіз бүге-шүгесіне дейін алдын ала ойластырып қоюға тура келеді.
Тойға дайындық басталғаннан өзіңізді ханшайымдай сезініңіз. Барлық істі үтір нүктесіне дейін қалай орындалуы керегін түсіндіріп, ең сенімді адамдарыңызға тапсырыңыз. Той кезінде өзіңіз тек тапсырмалар орындалғанын қадағалап отыратын басқарушы боласыз.
Қалыңдықтар той дайындығы кезінде мынадай мәселелер бойынша алаңдайды екен:
– Көңілім бұзылып, көзіме жас келсе кірпігімдегі тущ ағып кетеді. Мұндай мәселе туындамас үшін суға ақпайтын тущ жағыңыз немесе қазір барлық қалыңдыққа ұсынылатын жасанды кірпікке бір күнге рұқсат беріңіз.
– Туфлиімнің өкшесі сынып қалса... Тойда қарбалас кезінде түрлі жағдай болуы мүмкін. Сондықтан барлығын ерте ойластырып қойыңыз. Бойыңыз тым кіші болса, бұл мәселе алаңдатпай қоймайды. Мүмкіндік болса, тағы бір өкшелі туфли жаныңызда жүрсін. Бойыңыз жолдасыңызбен қарайлас болса, жай табан аяқ киім алып, мейрамхананың (той өтетін жердің) сенімді жеріне қойыңыз.
– Ауа райы қолайсыз болса... Тойдан 9-10 күн бұрын интернеттен ауа райы қандай болатынымен танысып, бар жағдайды соған қарай ыңғайлаңыз. Егер жаңбырлы ауа райы болса, фотосессияға қолшатыр секілді нәрселерді әзірлеңіз. Әлде фотосессияны ғимарат ішінде ұйымдастырыңыз. Мұндайда фотограф тәжірибелі болса, қам жемеңіз. Ол ерекше суреттер түсіріп шығару үшін бір мәнісін ойлап табады.
– Неке жүзігін басқа саусаққа тағу. Тойда барлығы өз ойыңыздағыдай болмайды. Ойламаған жерден неке жүзігін тағуға, күтпеген жерден ойын ойнатуға шығаруы мүмкін. Мұның барлығы асабаның қолында. Сондай сәтті сасып қалмас үшін, бәріне дайын болыңыз. Неке жүзігін тағар сәтте жігітіңіз сол қолын берсе, абдырамай, басқаларға байқатпай келесі қолын беруін сұраңыз.
– Біреулерге күлкілі естілуі мүмкін, бірақ қонақтар әкелген сыйлықтар көбісі пайдасыз нәрселер болып шықса деп алаңдайтындар да бар екен. Сіз де солардың қатарында болсаңыз, жақындарыңызға өзіңізге не қажет екенін тұспалдап айтыңыз. Ал ондай мүмкіндік тумай, алыс туыстар, таныстар пайдасыз сыйлықтар әкеліп жатса, олардың да қайыры болар. Тым ұнамаса, басқаға сыйлап жібересіз немесе жарнама орындарына жазып, сатып жібересіз.
Ең бастысы, қандай жағдай болса да жүйкеңізді жұқартпай, ұстамдылық таныта білетініңізге сенімді болыңыз. Болмашы бір іске ашу шақырсаңыз, барлық іс кері кетіп, қырсық бір айналдырғанды шыр айналдырады. Ең бақытты күніңізде кез келген жағдайға көңіліңізді түсірмей, жігітіңізді де сабырлы болуға шақырыңыз. Барлығы сіз тапсырғандай орындалып жатқанын тексеріңіз де, тойдан бір күн бұрын массажға не басқа салондарға барып, жаныңыз бен тәніңізді қатар тынықтырыңыз. Сонда шаңырақ көтерген тойыңыз естен кетпестей қызыққа толы болады.
@. @assel_assanova