Топ-10: Қыздарға арналған мамандықтар

Топ-10: Қыздарға арналған мамандықтар
Фото: Ернар Алмабек

Қазір қандай мамандықтар сұранысқа ие? Мамандық таңдауда өзіңіздің мықты және әлсіз тұстарыңызды, әуестігіңізді, икеміңізді ескеру керек. Бірақ арманыңыздағы мамандықтың табысы да жақсы, оқудан кейін бірден жұмыс табылатындай да болуы шарт. Қазіргі уақытта сұранысқа ие 10 мамандықты ұсынамыз.

Сату бойынша менеджер

Бұл сату білетін және сатқысы келетіндерге арналған жұмыс. Қаржылық-экономикалық немесе менеджмент саласындағы жоғары білім айтарлықтай плюс болады, бірақ мұндай жұмыс байланыс мамандарына да келеді. Кей салаларда сату жөніндегі менеджер ретінде менеджер мамандығын оқыған адамды емес, сол саланың адамын алады. Мысалы: медициналық құралдарды сату үшін дәрігерге көмектесетін, түсінетін медикті алғанды жөн көреді. Өз біліміңіз бен дағдыңызды шыңдап, сатудың тиімді техникаларын меңгеру үшін қосымша тренингтер мен курстардан өтуді ұсынамыз.

Стилист

Қазір Қазақстанда стилист мамандығы қарқынды дамып жатыр. Егер әдемі әрі стильді киінгенді жақсы көрсеңіз, сән әлеміне қызығушылығыңыз болса, өзіңізді осы салада дамытыңыз. Стилист үшін тек дарыны мен шеберлік деңгейі емес, сондай-ақ жеке брендтің болуы маңызды. Клиенттер танитын адамына келеді. Сондықтан өзіңізді кәсіби маман ретінде жарнамалау керексіз. Әлеуметтік желіде парақшаңызды дамытып, өз стиліңізбен ерекшеленіңіз. Одан соң стилист ретінде түсірілімдерді ұйымдастыру, клиенттермен шопингке шығу, дүкендерді жарнамалау және клиенттердің гардеробына талдау жасау арқылы жақсы ақша таба аласыз.


ru.freepik.com

Веб-дизайнер

Бұл қазір де, алдағы жылдары да сұранысқа ие болатын мамандық. Өз дағдыларыңызды кез келген бағытта қолдана аласыз. Веб-дизайнерлер сәулет макеттерін өңдеумен және интернет-сайттардың сыртқы түрін, мобильді қосымшалар мен компьютерлік ойындардың интерфейсін жасаумен айналысады. Бұл салада жоғары білімнің болуы артықшылық болып саналады, бірақ икеміңіз бен қызығушылығыңыз болса, қосымша курстардан үйренуге де болады. Бұл мамандықтың бір артықшылығы - кеңсеге барып жұмыс істеу міндетті емес.

Маркетолог

Маркетологтар кез келген компанияға керек. Маркетологтар өнімнің тұжырымдамасын жасайды, оларды орналастыру және жылжытумен айналысады, мақсатты аудиторияның портреттік профильдерін құрастырады, жарнама стратегиясын әзірлейді және оның орындалуын бақылайды. Маркетологтың міндеті - компанияның табысын арттыру.


ru.freepik.com

Косметолог

Бұл жерде екі бағыт бар: медициналық білімі бар дәрігер-косметолог және арнайы курстарды ғана оқыған косметолог. Инъекциялық процедураларды жасауға тек дәрігердің құқығы бар. Ал медициналық білімі жоқ косметолог маскалар, массаж, қас және татуаж жасай алады. Осыған қарай, жалақы да әртүрлі болады. Сұлулық салондарында, эстетикалық косметологиялық орталықтарында жұмыс істеуге немесе өз кеңсеңізді ашуға болады.

Мұғалім

Мұғалімдерге сұраныс әрқашан болады. Бұрын бұл жұмыстың қиындығы мен жалақысының оған сай келмеуі көптеген мектеп бітірушілерді шошытатын. Бірақ қазір мұғалімдердің жалақысын жылдан жылға арттырып жатыр. Мұғалім болып жұмысқа кіру үшін міндетті түрже жоғары педагогикалық біліміңіз болуы керек.

Стоматолог

Стоматолог - сұранысқа ие және жоғары төлемақы берілетін мамандық. Шыны керек, стоматологиялық процедуралар өте қымбат тұрады. Барлық адамның өмірінде бір рет болсын, тісі ауыратынын анық. Оған қоса, стоматологтардың жұмысы басқа саладағы дәрігерлердікіне қарағанда тыныш.

Копирайтер

Салыстырмалы түрде жаңа мамандық деуге болады. Интернеттің және әлеуметтік желілердің дамуымен копирайтер мамандығына сұраныс көбейді. Олар жарнамалық мәтіндер, слогандар, роликтерге арналған сценарийлер, өнім сипаттамасын, блогтар және әлеуметтік желілердегі парақшаларға жазба жазады.


ru.freepik.com

Биотехнолог

Биотехнологтар және гендік инженерия бағыттың бір түрі ретінде қарқынды дамып келеді. Бұл салада әйел-ғалымдар өте көп. Егер ғылыми жұмыстарға қызығушылығыңыз болса және әлемді өзгерткіңіз келсе, биотехнологияға мән беріңіз. Өте көп және ұзақ оқу керек болады. Ағылшын тілін де меңгеріп алған дұрыс. Бұл шетелдік компанияларда жұмыс істеуге және әлем бойынша әріптестеріңізбен танысуға мүмкіндік береді.

Дәрігер

Медицина – адамдарға әркез керек болатын сала. Бұл құрметті және абыройлы мамандық. Мемлекеттік және жеке клиникалардағы жалақы деңгейінің айырмашылығы бар.

А. Жапатова