Көпшілік ортада, яғни тобыр арасында болған кезіңізде өзіңізді қауіпке бір табан жақын ұстайтыныңызды білесіз бе? Төменде берілген тұжырымды Лид университетінің ғалымдары жасапты. Ғалымдар жаяу жүргіншілердің психологиясын зерттей келе, адамның тобырда қауіпке көп ұшырайтынын дәлелдеген.
Мамандар таң мен кеш уақытында адамдардың көп жүретін жерлерінде бақылау жасаған. Арнайы компьютерлік бағдарлама зерттей келе, адамдардың типтік ерекшеліктерін анықтапты. Жолды кесіп өту барысында жалғыз келе жатқан жүргінші топпен бірге келе жатқан жүргіншіге қарағанда екі есе аз қауіпті жағдайда болыпты. Тіпті өте сақпын деген жүргіншілер де топ ішінде тұрған кезде автокөліктер ағылып жатқан жолға аяқ басқан екен. Оның үстіне бағдаршамда қызыл түс жанып тұрған.
Джолиан Фариа есімді доктор әрі осынау зерттеудің жетекшісі бұл құбылысқа «индивидтің тобырлық санадағы жағдайы» деп баға берген екен. Ғалым адамның өз-өзін сақтау инстинкті тобыр ішінде ұмытылып қалады деп қорытындылаған. Себебі жаяу жүргінші «жүргіншілер тобында» 1,5-2,5 есе ақылсыз әрекетке барады. Нәзік жандыларға қарағанда, ерлер қауымы тобырдың ішінде ессіз істерге жол береді-мыс.
Мұндай әрекет немен түсіндіріледі? Мамандардың айтуынша, мұндай жағдайда адам ақылынан гөрі интуициясына көбіне ерік беріп, жеке ақыл-ойы істен шығады. Өкінішке орай, мұндай жағдай қайғылы оқиғаларға әкеп тірейді.
P.S. Бұл жағдайды өзіңіз де сынап көрсеңіз болады. Жаяу жүргіншілер алдында тұрып бағдаршам жасыл түс жақпай тұрып жүріп кетсеңіз, артыңыздағы адамдар да соңыңыздан ереді... Бірақ сақ болыңыз!