Баланы тәрбиелеу ауруды емдеумен тең. Ауруды емдер алдында, оның себебін табу абзал. Сол сияқты бала тәрбесінде де кез келген жағымсыз қылықтың себебін тапса, дер кезінде алдын алуға болады. Бала психологиясын жақсы түсіне білген Ю.Гиппенрейтер кітаптарында бұл тұрғыда ата-аналарға таптырмас ақпарат берді.
Психологтар бала тәрбиесінің ауытқуында төрт негізгі себеп бар деген тұжырымға келді.
Бірінші себеп – ата-ана тарапынан көңіл бөлінбеуі. Егер бала өзіне көңіл жетіспеушілігін сезетін болса, ол жетпеген көлемді толықтыру үшін басқа жол ойлап табады – айтқанды тыңдамау. Тек айтқанды тыңдамау арқылы бала ата-анасын өзіне қарата алады. Әрине, әкесі де, шешесі де ісін тастап, балаға ұрсады, ақыл айтады, ескерту жасайды. Бұл бала қалаған жылы сөздер болмаса да, ең бастысы ол өзінің көздеген мақсатына жетті – ата-анасы оған көңіл бөлді.
Екінші себеп – ата-ананың шектен тыс қамқорлығынан бас тарту. Шамамен екі жастан бастап балалар барлық нәрсені өз бетімен істеуге талпынады. Бұл кезде олар "мен өзім" деген сөзді жиі айтады. Есейе келе бұл талпыныс күшейеді. Сондай кезде ата-ана балаға белгілі бір істі өзі жасауға мүмкіндік бермей, бұйырып немесе қорқытып сөйлейтін болса, бала айтқанды әдейі тыңдамайды. Мұның басты негізі − баланың мүмкіндіктерін пайдалану құқығын қорғап қалу.
Үшінші себеп – "кек" алу. Балалар көп жағдайда ата-анасына ренжиді. Мұның себептері сан алуан болуы мүмкін: отбасында тағы бір баланың пайда болуы, ата-ананың ажырасып кетуі, отбасынан баланы алшақтату (әжесінің тәрбиесіне беру), тағы сол сияқты. Одан басқа белгілі бір кезде жасалған ескертулер, ата-ананың балаға берген уәдесін орындамауы, т.б. Мұндай кезде бала ересек адамдарға ренжиді, тіпті іштей күйзеліске ұшырауы да мүмкін. Бірақ сырт көзге оны көрсетпей, керісінше дөрекі сөйлеп, айтқанды тыңдамауға дейін барады.
Төртінші себеп − баланың өз-өзіне сенбеуі. Ата-анасы баланы тым көп сынай беретін болса, бала өз өзіне сенімсіз болып өседі. Мысалы, бала сабақты нашар оқып, ата-анасынан күн сайын сын естісе, күндердің бір күнінде ол "тырыспай-ақ қояйын, бәрібір қолымнан түк келмейді" немесе "бола берсін, жаман бала десе, сондай-ақ болайын" деп, сенімді жоғалтуы әбден мүмкін.
Алайда, "бұл төрт себептің қайсысы менің баламның жан-дүниесіне сай келеді?" деген заңды сұрақ туындайды. Бұл тұрғыда Ю.Гиппенрейтер баланың тіл алмаған кезінде сіз қандай сезімде болсаңыз, соны аңғаруды ұсынады. Ата-ананың сезімі баланың ішкі эмоционалды проблемасының көрінісі.
Еген баланың тіл алмауы бірінші себепке, яғни көңілдің жетіспеушілігіне байланысты болса, ата-ана ызаланады. Шешімі: балаға көбірек көңіл бөлу.
Егер баланың тіл алмауы екінші себепке, яғни шектен тыс қамқорлықтан бас тартуға байланысты болса, ата-ана қатты ашуланады. Шешімі: қамқорлықты азайту.
Егер баланың тіл алмауы үшінші себепке, яғни "кек алуға" байланысты болса, ата-анада реніш сезімі туады. Шешімі: баланың не нәрсеге ренжіп жүргенін анықтау.
Егер баланың тіл алмауы төртінші себепке, яғни баланың өзіне деген сенімсіздігіне байланысты болса, ата-анада үмітсіздік сезімі пайда болады. Шешімі: баланы сынаудан бас тарту.
Осы төрт эмоцияны ажырата отырып, баланың тіл алмауының негізгі себептерін оңай табуға болады.
Дереккөз: comode.kz