1912 жылы 10 сәуірінде аса сәулетті, алып жолаушылар кемесі Титаник Ұлыбританияның оңтүстігінен жолға шығып, сапарын бастады. Осы сапарда жолы болмай, 14 сәуір күні мұзтауға соғылып, «Мәңгі батпас кеме» атанған Титаник ең алғашқы әрі ең соңғы сапарын аянышпен аяқтап, Атлант мұхитына шөгіп кетті. Содан кейін, бұл кеме жайлы қаншама кітап жазылды. Көптеген деректі фильмдер де түсірілді.
Джеймс Кэмеронның «Титаник» атты киносынан біз аяқ астынан апат туылып, барлық адам ажал алқымында қалғандығын, бірақ, кемеден асып-сасқан дүрлігіс пен қорқыныштың, сеңдей соғылысқан былықпалық пен қағып-соғып кимелеудің, тіпті, басып-жаншып алға ұмтылу мен тұрпайы озбырлықтың бейнесін көрмейміз. Кеме үстіндегілердің сондай жайбарақат та тыныш, тәртіпті де қайырымдылығын бейнелеген ерекше көріністер – ер-азаматтардың ерікті түрде өмірдің үмітін қарттарға, әйелдер мен балаларға бағыштап, ал, өздерін қаннен-қаперсіз ажалдың келуін күткен картиналар көрінеді. Бір бай саудагердің әйелін құтқару қайығына шығарып салып, қайта бөлмесіне келіп, бір киерін киіп, бағзор шылымын шегіп отыра бергендігін; ал бас кейіпкердің махаббат үшін, танысқанынан бірнеше күн ғана болған ғашығын «өмірдің» үмітін арқалаған тақтайға итеріп шығарып, өзі «өлімнің» құшағына құлағанын; өрт әуенді аспаптық квартет күй шалып, ғайып болғалы тұрған рухтарды ең соңғы минуттарға дейін қоңыр әуенмен тербегенін көре аламыз.
Жоғарыдағы оқиғаларды кеменің сол жақ бүйірінде болған көріністер деп қарайық. Ал төмендегі көріністер кеменің оң жақ бүйірінде туылған оқиғалар еді.
Сол бір көзге түртсе көргісіз қараңғы түнде "Титаник" кемесі сол бір тастай суық теңіз түбіне батып кетеді де, 1503 адамның өмірін өзімен бірге құрдымға ала кетеді. Кемедегі 2208 жолаушы мен кеме қызметкерлерінен, тек 705 адам ғана тірі қалады. Кейін келе, тірі қалған жолаушылардың естеліктеріне негізделгенде, сол кеменің жоғары дәрежелі бөлмелеріне жайғасқан 319 жолаушыдан 200 жолаушы тірі қалып, тірі қалу салыстырмасы 63 пайыз болған. Орта дәрежелі бөлмелерге жайғасқан 269 жолаушыдан 117 жолаушы тірі қалып, тірі қалу салыстырмасы 43 пайыз болған. Ал ең төмен дәрежелі бөлмелерге жайғасқан 669 жолаушыдан 172 адам тірі қалып, тірі қалу салыстырмасы тек 25 пайыз ғана болғаны анықталған. АҚШ-тың философ ғалымы «Қоғамнама» атты кітабында Титаниктің жоғары дәрежелі бөлмелеріндегі ер жолаушылардың тірі қалу мөлшері үшінші дәрежелі бөлмелердегі балалардың тірі қалу салыстырмасынан жоғары екенін дәлелдейді. Сол кездегі құтқару қайықтарын орналастырып (құтқару қайықтары жоғары дәрежелі бөлмелер мен екінші дәрежелі бөлмелердің маңына ғана орналастырылған) құтқару реті төмендегідей болған: ең алдымен жоғары дәрежелі бөлмедегілер қайыққа шығарылса, одан кейін орта дәрежелі бөлмедегілер, ең соңынан тек орын болса, төмен дәрежедегі бөлменің тұрғындарына кезек тиген. Соның өзінде төмен деңгейдегі бөлменің тұрғындарының көбі суға секіріп, аман қалғандар екен.
Кеменің сол жақ бүйірінде бұл жайлы ештеңе айтылған жоқ. Ал осынау ащы шындыққа қарап, не үшін бұлай болған деп ойлауыңыз әбден мүмкін...
Шынын айтқанда, мұнда жатқаны бір ащы шындық қана. Жер бетіндегі адамдар бағзыдан бері мәртебелі-мәртебесіз, биік-төмен болып бөлінген. Жоғары деңгейдегі бөлмеге жайғасқандар байлар мен мансаптылар, ал орта деңгейдегілер орта дәулетті жікке жататын қызметкерлер мен саудагерлер, ал төмен деңгейдегі бөлмеге орналасқандар негізінен ирландиялық кедей-кепшік көшпенділер еді. Сұрапыл апат туылғанда, барлық адам барынша тез қарманып, апаттан қашып құтылып, жан сақтауға жанталасқанымен, мансап-мәртебе және байлықты ұйытқы еткен өмір заңын ешкім өзгерте алмаған. Шен-шекпенділер мен әлсіздер ажал аузында да дәл сол қалпын бұзбаған. Тек сол оқиғада адамды қуантатын бір ғана санды мәлімет болыпты. Ол әйелдер мен балалардың 69 пайызы, ал ерлердің 17 пайызы ғана тірі қалғандығы екен. Отбасылық ізгілік тек осы жерде ғана қылаң беріп тұр.
Титаниктің сол жақ бүйірі – көркемөнерлік қиыстыру. Онда адамгершілік қасиет шетсіз-шексіз көгілдір түсті арқау етіп, шұғылалы нұр шалып, ажал құрығынан құтылғандардың көзінен жас парлатады. Ал Титаниктің оң жақ бүйірі – шынайы өмір, ажал таяған сайын пенделік әлсіздік айпарадай ашыла бастайды. Сол бүйірдегі жалғандық пен оң бүйірдегі шындық арасындағы сонша үлкен парық адамды таңғалдырмай қоймайды. Әйтсе де, момақан теңіз толқыны ащы шындықты жасырып қала алмапты. Шындық дүлей толқында да тереңге батып кетпей, жағалауда қайраңдап қалады екен.
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: baidu.com