Тест. Жоспармен жүресіз бе?

Тест. Жоспармен жүресіз бе?
Фото: picsfab.com

Келер күнге жоспар құра аласыз ба? Жоспарды қағазға тізіп жазбай-ақ, ойша қамтып өтуге болады. Мысалы, «қазір таңғы асымды ішіп болған соң, кеше дайындап қойған киімімді киіп, кездесуге баруым керек» деп ой-бұлтыңызда суретін салсаңыз да рұқсат. Аяқ астынан шешілген кездесулерге 5 минуттың ішінде дайын бола аласыз ба? Мұның сырын ұғыну үшін мына тестті орындап көріңіз.

Жауаптарды мына үлгіде белгілеп, қорытынды ұпайды есептеп шығарыңыз: «Жоқ» – 0, «жоқ сияқты» – 1, «иә деп ойлаймын» – 2, «иә» – 3

1. Мен жұмысқа (сабаққа) барарда асықпаймын. Анықтама қағазын не тарақ іздеп аптығып жүрмеймін.
2. Демалысымда жылы көрпенің астында жатып, кино көру мүмкіндігі әлі тумады. Бірақ бұл үшін өкінбеймін де.
3. Үй жануарына көңіл бөле аламын. Бөлме гүлдерін суаруды да ұмытпаймын. Бұл істер – менің міндетім.
4. Ұйқысыздықпен ауырмаймын, түс көре бермеймін. Кейде артылған тапсырмалардың көптігінен кеш жатамын.
5. Оятқыш сағат сегізде шырылдаса, сол бойда оянып аламын. Көрпе астына тығылу – маған тән емес.
6. Әжемнің қанша жасқа келгенін, бөлелерімнің туған күнін – бәрін-бәрін білемін. Оларды алдын ала құттықтаймын. Сыйлық та әперемін.
7. Бір күнде сағаттың көп болғанын қалайтын едім. Бірақ 24 сағат та жетеді.
8. Менің сөмкем тәттілер мен қаламдарға толы. Қазіргіден көп болса да орын табылар еді.
9. Таңғы ас, түскі ас, кешкі ас. Күн тәртібі бойынша бірін қалдырмауға тырысамын. Тез дайындалатын тағамдардан өзімді аулақ ұстаймын.
10. «Абай жолын» Абайдың өзі жазды деген адамдар өмір сүре ме екен?

Қорытынды

0-7 аралығы

Сіздің ойыңызда бір-ақ нәрсе: «бір сызық бойымен қалай жүруге болады?». Мұны тексеру үшін былай жасаңыз: күнделік бастаңыз. Әр күні жасаған тірліктеріңізді жазып жүріңіз. Апта соңында күнделігіңізге жазғаныңызды оқыңыз. Жоспарсыз өткен күндерге баға беріп көріңіз. Асығыстық кесірінен үнемі маңызды кездесулерден қалып қоясыз не кешігіп жүресіз. Желкеңіз жар бермеген соң, мәселелерді сіз үшін анаңыз шешіп береді. Әлеуметтік желінің тұтқыны болып жүргеніңізді сезсеңіз, дереу шара қолданыңыз.

8-12 арасы

Сіз маңызды дүниелерді кейінге қалдырғанды жақсы көресіз. Себебі, алаңдағыңыз келмейді. Одан да демалысымды үйде өткізіп, үй тірлігін жасайын деп, еркіндікті сезінгіңіз келеді. Күнделікке жасайтын тірліктеріңізді тізімдеп жазып, оның орындалғанын сызып отырсаңыз, күніңіздің текке өтіп жатпағанын білесіз.

13-20 аралығы

Сіз жоспарды 5 минут ерте құрасыз. Яғни, алдын ала дайындалмайсыз. Жағдайдың ыңғайына қарап жоспарлаймын деп ойлайсыз. Иә, кейде сәті түсіп, сол жоспар орындалып жатады. Ал кейбірі сіз ойлағандай болмайды. Емтиханға үш күн қалғанда дайындала аласыз. Сіздің бір ерекшелігіңіз де осы шығар.

21-30 аралығы

Сіз үшін жоспарсыз өмір сүру мүмкін емес. Жағдайдың ыңғайына қарау деген ұғым сізге жат. Жағдай сіздің жоспарыңызға қарай иілгенін қалайсыз және ол болады. Жоспарыңыздың мінсіздігі соншалық – қаржыны да, уақытта да үнемдейсіз. Тек сол жоспардың арасына «үзіліс» деген сөз енгізуді ұмытпаңыз.

Г. Берік