- Негізгі бет
- Психология
- Телетәрбиеші: Балаға қалай...
Телетәрбиеші: Балаға қалай теледидар көрсеткен дұрыс?
Ата-аналардың көбі балаға телеарна көрсету керек деген ойда. Алайда қанша уақыт және қай жағдайда көрсету керектігін айта алмайды. Ең бастысы, балаларды теледидарға тәуелді етіп алмау қажет.
Бұл жайында «Балапан» балалар телеарнасының бұрынғы директоры Ләйлә Сұлтанқызы келесідей ұсыныс айтады:
- Баланың теледидар көргені дұрыс;
- Балалар теледидарды күніне бір сағаттай тапжылмай тамашалайды да қалған уақытта тиіп-қашып көреді. Осы айналдырған бір сағатта баламен бірге отырып көгілдір экран қарап, сюжеттерді баламен бірге талқылаған жөн.
Бала неге теледидар көреді?
Телеэкран бала үшін қияли әлем, дүниенің жаңа бір көрінісі. Жарқын әрі қанық түс баланы бей-жай қалдырмайды. Жан-жағын қоршаған виртуалды әлем балаларды шынайы ортадан алыстатып, ертегі әлеміне жетелейді. Телеарна мульфильмдері – терең зерттелген ғылымның нәтижесі. Бала психологиясын терең игерген мульфильм мен телешоулар баланы еріксіз жаулап алады. Баланы кинотеатрға апарып фильм көрсеткен мен үйде ұзақ уақыт теледидар көрсеткеннің арасында үлкен айырмашылық бар. Мәселен, кинотеатр арнайы жабдықталған қойылым екенін бала ажырата алады: жарық жанып-өшеді, адамдар арнайы орындарға отырады, фильм аяқталғаннан кейін бәрі залдан шығады, т.б.
Яғни, уақыт пен кеңістікке шектелген сахна екенін түсінеді. Ал үйде ше? Теледидар үнемі қосулы, экранның ар жағында кескін келбет пен бет-бейне бейберекет әрекетте, ұзын-сонар сюжет. Ал бала болса, мұның барлығын қарапайым өмірдің болмысы мен бет-бейнесі деп қабылдайды, шынайы көреді. Ал экранның көз алмас эффектілері баланы байлап алары анық.
Телекөрсетілім: Баланың жас ерекшелігі
3-4 жасқа дейінгі балаларға экранның мән-мазмұны маңызды емес, олар бейне мен қозғалысқа ғана қарайды. Телеэкрандағы бейненің шынайы не жасанды екенін бала 7 жастан кейін айырады. 4-7 жасар балаға экранның кейіпкерлері мен қаһармандары қызықтырады: оларға ұқсағысы келеді, кейіпкердің іс-әрекеттерін жасайды. Ал 7 жастан бастап бала экрандағы бейне мен шынайы өмірдің келбетін салыстыра бастайды.
Сыни көзқарас балада 7-11 жас аралығында қалыптасады. Мұндай уақытта бала мазмұнға, логикаға, тұжырымға мән береді. Міне, дәл осы жаста балалар өзіне керекті, қажетті телекөрсетілімдерді таңдап әрі қызыққан бағдарламасын көру кезінде де ұнамайтын жерлерді өткізіп жіберуге не көрмей қоюға бар.
Ал 12-13 жастағы бала телеэкраннан жалыға бастайды. Сондықтан жаңа бейне, кейіпкер, қаһарман іздеумен болады. Ұл бала күші көп, қайратты қаһармандарды қалайтын болса, қыз бала сұлу, әдемі кейіпкерлерді таңдауға құмартады.
Баланың қанша уақыт теледидар көргені жөн?
Телеэкран негізгі тәрбие көзіне айналмауы тиіс. Тәрбиенің бұлағы жасанды бейнеде емес, айналасындағы адамдардың іс-әрекетінде, сөйлеген сөзінде. Сондықтан өзіңізге мән беріңіз. Бала сөзге қарағанда іске бейім келеді. Жасаған амалдарыңыз тәрбиенің бір қыры болуы қажет. Баланың күнделікті өмірде 1 сағаттай телеарна тамашалағаны дұрыс. Қалған уақытта ойын ойнап, басқа бір пайдалы іспен айналысқаны абзал.
Баланың теледидарды қалай қосатынын білмегені жөн, оған оны үйретіп қажет емес. 4 жасқа дейінгі балаларға арнайы дайындалған мульфильмдерді ғана көрсетіңіз. Әсіресе, "Союзмультфильм" түсірген мультфильмдердің өнегелік тұстары көп.
Бала теледидар көрген кезде, жанында болғаныңыз жақсы. Бұл – үлкен мәдениет. Балаға экран сюжетіне қатысты түсіндірме жұмыстарын жүргізіңіз. Сұрақ қойып, фантазиясын дамытыңыз. Яғни, бір сөзбен айтқанда, телеэкранды баланың интеллектісін, зейінін дамыту мақсатында ғана көрсетіңіз. Қызықтыру, көңіл көтеру мақсатында қосып бергеніңіз жөн емес. Ойын ойнап та бала көңіл көтере алады.
Қ. Слямбек