- Негізгі бет
- Психология
- Телефонды жоғалтып алудан...
Телефонды жоғалтып алудан қорқу - ауру деп танылды
Телефонымды жоғалтып аламын деп қорқасыз ба? Кенеттен тұра салып телефоныңызды іздейсіз бе? Өмірлік мәні бар заттан айырылып қалғандай күй кешесіз бе? Бұл диагноздың барлығы «номофобия» ауруына тиесілі. Яғни адамның телефонын жоғалтып алса, туған-туысқандарыммен сөйлесе алмай қаламын ба деп қорқуы.
«OnePoll» мен «SecurEnvoy» компанияларының анықтауынша, номофобиядан азап шегушілердің қатары күн санап өсіп келеді екен. Әрбір үш адамның екеуі ұялы телефонын жоғалтып аламын ба деген қорқынышы бар екендігін мойындаған. Әсіресе 18 бен 24 жас аралығындағы жастар.
«SecurEnvoy» басшыларының бірі Энди Кемпшелл барлығы да адам баласының күнделікті тұрмыста телефонға деген тәуелділігімен байланысты екендігін айтады. «Телефон біздер үшін сәнді әшекейге айналып кеткендей, кез келген заттан да бағалы. Бұл – әлеммен байланыс орнатудың құралы. Оны жоғалтып алған кезде ақшаға толы әмияныңыздан немесе үйіңіздің кілтінен айырылып қалғандай күй кешесіз», - дейді.
Мұнымен қатар мамандар күйзеліс пен номофобияның байланысы жоқ екендігін айтады. Психологиялық ауытқуларды зерттейтін орталықтың басшысы Рэнди Маккейб «Телефонды жоғалтып алудан қорқу бар болғаны уақытша құбылыс» деп жорамалдайды.
Осыған байланысты SecurEnvoy компаниясы жүргізген зерттеуге 1000 адам қатысқан. Нәтижесінде қатысушылардың 66%-ының осы фобияға шалдыққаны анықталған. Бұдан өзге 41%-ы байланыс болмай қалмасын деп екі телефон сатып алған.
Ер адамдарға (61%) қарағанда әйел адамдар (70%) көбірек қорқады. Бірақ қосымша телефонды әйел адамдарға (36%) қарағанда ер адамдар (47%) көбірек ұстайды. Және адам күніне кем дегенде телефонын 34 рет тексереді екен.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: muz4in.net
Қ. Бүйенбай