- Негізгі бет
- Психология
- Тәрбиелі адам мен...
Тәрбиелі адам мен мәдениеттілік деген ұғымдарға не кіреді?
Әр мемлекеттің өзіне ғана тән ережелері болады, десе де әлемдік деңгейде барлығына бірдей ортақ, әрі дұрыс деп саналатын мінез-құлықтар бар. Сол мінез-құлықтарға ие болу арқылы өзімізді әрдайым сенімді ұстаймыз.
Этикет – «жазба», «затбелгі», «кәде», «салт» деген мағынаны білдіретін француз сөзі.
Этикет – бұл барша адамзатқа тән адамгершілік нормасы, қоғамда көрініс табуы тиіс мінез-құлықтың жиынтығы: сәлемдесу, қарату, көпшіліктің ортасында өзімізді ұстау, киім кию мәнері.
Ағылшын жазушысы Джонотан Свифт «тәрбиелі деп өзгелерді ыңғайсыз жағдайға ең аз қалдырған адамды айтамыз» дейді. Ал әйгілі философ Джон Локк тәрбие мен ұстамдылық қатар ұғымдар екенін айтады. Осыған байланысты ол былай деп жазған: «Тәрбиесіз адамның батылдығы өрескелдікпен, көп оқығандығы педантизммен, қалжыңдай білуі сайқымазақтықпен, қарапайымдылығы өзін күтпеумен, мейірімділігі жарамсақтықпен алмасады; ең сапалы деген қасиеттер жанның байлығымен сипатталады».
Ал академик Дмитрий Лихачев «Мейірім мен әсемдік туралы хаттар» деген кітабында «Көпшілік интеллегент адам деп көп кітап оқыған, білім алған, әр түрлі жерге саяхаттаған, бірнеше тілді білетін жан деп ойлайды» дейді.
Бұлардың барлығы бола тұра интеллегент емес, немесе әлеуметтік жағдайы төмен болса да шын мәнінде білімді болуға болады.
Интеллегенттілік тек біліммен емес, өзгелерді түсінумен де көрінеді. Ол сауатты түрде пікірталасқа түсу, үстел басында сыпайы болу, біреуге білдіртпей көмектесу, табиғатты қорғау, айналаға қоқыс тастамау, дөрекі сөз сөйлемеу сынды мыңдаған майда детальдарда көрініс табады.
Интеллигенттілік – бұл түсіну, қабылдау, адамдарға қатысты мәселелерде сабыр таныту. Оны физикалық күш секілді жаттықтыру керек.
Үнемі жылы шырай танытып, дұрыс жауап беру тек денсаулықтың сау болуын қамтамасыз етіп қана қоймай, сұлу етіп көрсетеді.
Жанарынан ашу мен кектің ізі байқалатын адамдар өзгелерге қорқыныш, үрей, негативті әсер сыйлайды.
Әрине, біз өмір сүріп жатқан заманда күйзеліске төтеп беріп, ұстамдылық таныту өте қиын. Отбасы мүшелерімен, қоғамдық көлікте кондуктормен жанжалдасамыз. Бір айдың айлығын екінші айға жеткізе алмай әуре боламыз. Алайда қоғамда өмір сүру, өзгелермен қарым-қатынаста болу – бұл мәңгілік үйренуді талап ететін өнер екенін ұмытпаңыз.
Ал Сіз "мәдениетті адам" тіркесіне қандай анықтама берер едіңіз?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: rumbur.ru
Қ. Бүйенбай