Тапқырлық

Ежелгі Грекияда бір патша болыпты. Бұл патшалықта қылмыскерлердің өлім жолы екеу-ақ болатын. Бірі - басын алу, екіншісі - дарға асу. Бірде еріккен патшаның қиялына “Осы өлім жолын қылмыскерлердің өзіне таңдатайын. Олар не айтар екен?” деген қызық ой түсе қалады.

Ойы осыған тұрақтаған патша жендетті қылмыскерлерге жібереді. Жендет қылмыскерлерге “Патша ағзам мынадай жарлық айтты. Өлім жолын ерікті түрде таңдайсыңдар. Сендер бір ауыз сөз айтасыңдар. Айтқандарың шын болса, дарға асыласыңдар, ал өтірік болса, онда бастарың кесіледі” депті.

Бұл бір естімеген жаңалық еді. Қылмыскерлерге бәрібір өлім. Сонымен қайсы өлімді қаласа не шын, не өтірік сөзін айтып, қылмыскерлер арт-артынан өліп жатыпты. Ал айтқан сөздерінің шын-өтірігін анықтай алмаса, бәрібір өтірік айтты деп есептеліп, басы алыныпты. Ештеңе айта алмағандар шынын айтты делініп, дарға асылыпты.

Өлім жолы әлде бір зерек оқымыстыға келгенде ол: “Сендер менің басымды алмақсыңдар!” деп дүдәмәл жауап беріпті.

Егер оның басы алынатын болса, онда айтқаны шын сөз болады да, дарға асылуға тиіс. Бірақ ол дарға асылса, онда оның “Басымды алмақсыңдар” дегені өтірік болады да, басы алынуға тиіс. Алайда оның айтқаны өтірік емес. Түбін қуғанда, оның айтқаны шын да, өтірік те емес еді. Сондықтан екі түрлі өлім де оның сөзіне сәйкес емес.

Бұған әбден басы қатқан патша бір сәтте: “Мынаны қоя беріңдер” деп жарлық түсірген екен. 

Дайындаған: Алшын Матай

Сурет: baidu.com