Сәтті адамдар деп біз кімдерді айтамыз? Көңілі де, қарны да тоқ, қаражаяу емес, «екі қолда бір күрегі» бар адам, солай ма? Ендеше сол адамдар таңды қалай қарсы алады? Осы мәселеге сіздің де қатысыңыз бар екенін ұмытпаңыз...
Қытай философы Хань Сянцзы «Егер сұрақ қойсаң, сен ол сұрақтың жартысын біліп тұрсың» деген пәлсапа айтады. Сіз мынаны білесіз: дыбыстық оятқыштың шырылы, шошына оянып, сағатқа қарау, одан кейін жолда жатқан заттарға сүріне-қабынып, жуыну бөлмесіне беттеу. Тез арада шәй ішіледі. Болмаса ол да жоқ, ашқарынмен жұмысқа қарай жүгіресіз. Міне, күніңіз осылай басталады. Біле білсеңіз, таңды қалай қарсы алуыңыз күніңіздің немен бітеріне байланысты болады.
Егер, расында да, сіз таңды ұнатпайтын болсаңыз, онда арайлы нұрын шашқан таңыңызды дұрыс қарсы алмай жүрген шығарсыз?
Тайм-менеджмент маманы Вандеркэм Лаура сәтті адамдардың таңда не істейтінін анықтап, бұған байланысты тіпті «Сәтті адамдар таңда не істейді» деген кітап жазып үлгеріпті (What the Most Successful People Do Before Breakfast). Лаура кітабында бірқатар кеңестер береді:
Сәтті адамдар таңертең ерте тұрады. Бірақ бұл өте ерте тұрып алуды көздемейді. Тек сіз үлгеретін уақытыңызды анықтап алыңыз, сосын сол уақытта тұрып үйреніңіз. Бизнесмендер әрқашан да жұмысқа ерте барады. «Ерте тұрған еркектің ырысы да, бір ісі де артық» екенін ұмытпаңыз. Сәтті адамдар таңертең дене жаттығуын жасайды. Pepsi компаниясының бұрынғы төрағасы Стив Рейнмунд таңғы 5.00-де тұрып алып, 7 шақырымды жүгіріп өтеді екен. Ал Apple бас директоры Тим Кук таңғы 5.00-де жаттығу залында болады. Тазасын айтсақ, сіздің еріншектігіңізді буындырып өлтіру үшін осындай көптеген мысалдар естігеніңіз дұрыс-ақ. Адамның ағзасы жақсы жұмыс істеуі үшін ұйқыдан толықтай ояну қажет. Сәтті адамдар әрқашан ақпараттарды біліп отырады. Таңертең теледидардан 5 минуттық жаңалықтарды көру күннің басты жаңалықтарын білу мен оларды есте сақтап жүруге көмегін тигізеді. Ауа-райы болжамын көрудің өзі сізге көмегін береді. Сәтті адамдар таңертең күннің жоспарын жазып алады. Күнді жоспарлауда жаңашыл болу керек. Сәтті адамдар бір тәулікте 24 сағат бар екенін біледі. Сондықтан әр минуттың құны бар. Егер жоспардағы істер тәртібін бұзсаңыз, бұл сізге екі есе ауыр болатынына күмәніңіз болмасын. Тайм-менеджмент маманы Брайан Трейси ең бірінші кезекте қиын жұмысты бітіру керектігін айтады. Сәтті адамдар керек емес істерді де дәптерге жазады. Мәселен, адам әлеуметтік желілерде бос әңгімеге жол беруі мүмкін. Ал егер осыны таңғы жоспарда жазып қойсаңыз, сол мезетте сіз жұмысыңызды соңына дейін бітпейінше тынышталмайсыз. Сәтті адамдар дұрыс тамақтанады. «Сен не жесең – солсың». Ми мен дене өз қорегін алмаса, жұмысыңыздың ақыры суалып кетеді. Жұмыспен, одан қалды бәсекелестік туралы ойлану бұл жағдайда тым артық екенін түсініңіз. Көкөніс пен дәрумендері бар жемісті пайдаланыңыз.Ал енді... бұл сөзден кейін достарыңыздың немесе әріптестеріңіздің бірі «таңды ұнатпаймын» деген сөзді айтса, онда оның бұл мақаланы оқымағанын сіз бен біз біліп алайық. Ендеше әр атқан таңыңыздың бар маңызы мен пайдасын біле жүріңіз...
Сізге деген құрметпен Массагеттігіңіз!
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: e-quilibrium.ru