Әңгімені әңгімеден бастайын.
Бірінші курста жүргенде не бүлдірсек екен деп, көшеде қызық іздеп жүретін кездеріміздің көп болғандығын айттым. Осылайша не тындырарымызды білмей жүрген кезіміз болатын. Неге дейсіз бе? 17-ге келгенше еркіндік дегенді көрмек түгілі естімеген, сөйтіп жүргенде ойда-жоқта басқа азаттық түсе қалған студенттен не сұрайсыздар? Алматыға алғаш келуіміз. Енді қызық іздемейміз бе?
Сонымен әңгімеме оралайын. Қасымдағы Нұрбек деген досым әрі жерлесім агенттен бір қызбен танысып, кездесіп, көрісетін болып келісіпті. "Ереке, кеттік, қызбен танысамыз. КазГУ жаққа барып қайтайық", - деді. Әлбетте мен келістім.
Жаяу бардық. Ақша жоймаудың амалы ғой. Әңгіме айтып келе жаттық. Мен досыма қарап: "Былай етейік. Сен бұл қызды бұрын көрмеген екенсің. Не де болса, осы қызды қолға алып, көңілін аулап өзіңе қарат. Қарата алсаң күндегі тамақты мен пісіріп жүрейін, қарата алмасаң, сен солай етерсің. Бір апта уақыт берем", - дедім. Келісті... Ойлап келе жатырмын "бір қызыққа кенелетін болдық-ау" деп мәз болып.
Ескерткіштің жанында кездесетін болып келісіпті, пәтшағар. Солай қарай аяңдадық. Анау маған қарап қойып күліп келе жатыр. Бір ойлағаны бар сияқты. Ана қыздың қасына келген бойда: "Мынау сен сөйлескен Нұрбек, менің атым Еркебұлан", - демесі бар ма. Беті бүлк етпей әңгімені жіберіп жатыр. Алыстан айдап келді де: "Жақсы жігіттер мен қыздар, сендерді оңаша қалдырайын", - деп тайып тұрды. Күлкісін әрең басып бара жатқанын естідім тек.
Ақыры не керек, сол бір қызды былай да былай қыдыртып, әбден шашылуға тура келді. Себебі, біз бірінші курста қызбен болған кездесу міндетті түрде осылай болуы керек деп ойлайтынбыз. Оның үстіне ұялшақ едік ол кезде. Содан бар жігерімді жиып сұлуды жақын маңдағы кафеге апарып көңілін аулаған болдым. Дегенмен әңгімеміз жараспады. Маған сай келмейтін адам екендігін сездім. Көптен күткен 23.00-ге таяғанда сұхбаттасымды жатақханасына апарып тастадым.
Үйге келсем анау "бақытты". Кетіп бара жатқандағы менің сұп-сұр болған түрімді жігіттерге айтып беріп, мәз болысып жатыр екен. Мәз болғанын қайтейін, екі ай бойы үй шаруасын істеп шықты.
Бұдан шығатын мораль мынау. Қызды әлбетте таңдау керек.
Бірақ шын жақыныңызды тауып, көңіліңіз көншіген кезде айналаңызға жалақтамай, барыңызға шүкірлік етіп, риза бола біліңіз. "Таңдаған тазға жолығады" деген мақалдың да шын мағынасы осы болса керек.
Автор: Еркебұлан Қайрахан
сурет: uh.ru