- Негізгі бет
- Психология
- Такси жүргізушісімен не...
Такси жүргізушісімен не үшін ұрысасыз?
Алып шаһарда тұратын адамдар жұмыстан үйге, үйден жұмысқа шыққанда немесе басқа да мақсаттармен такси көмегіне жүгінуге мәжбүр. Көбі арнайы жедел таксилерді шақыртқаннан гөрі жолға шығып, қол көтеріп такси ұстағанды жөн көреді. Немесе жағдай соған келіп тіреледі. Жолы бір болған жүргізушілер жолаушы ұсынған сомаға келісіп отырғызып алса, енді біреулері қалаға нан табудың қамымен жолаушы тасу үшін арнайы шығады. Әйткенмен бәрі бірдей такси этикетін дұрыс сақтай бермейді.
Сонымен, такси жүргізушісімен не үшін ұрысасыз?
Жолақысына келіспей қалғаны үшін
Сіз түсініңіз. Сізге керек ақша оған да керек. Сізде бар бала-шаға онда да бар. Ол да солардың қамы үшін жолға шығуға мәжбүр. Сол үшін ең алдымен өзіңіз діттеген жеріңізге жетуіңіз үшін қанша теңге төлеу керек екендігіңізді ақылға салып алыңыз. Жердің мына басынан ана басына дейін сізді такси жүргізушісі тегін әкелмейді. "Судың да сұрауы бар". Жолға шыққанда саудаласудың түкке де керегі жоқ. «Кемедегілердің жаны бір» деген бар емес пе? Одан да түрлі апатты жағдайлардың қайталанғанын қаламай, өзіңізге де, өзгеге де сәтті сапар тілеп отырыңыз.
Ақшаны ұсақтамай қойғаны үшін
Ірі көлемдегі ақшамен жолақысын төлеу кезінде де керіс пайда болады. Сізге қайтаратын ұсақ ақшасы болмаған такси жүргізушісі сізге ұнамай қалуы мүмкін. Екі тарап та жолдан түсіп, дүкенге немесе жанармай бекетіне барып ақшаны ұсақтаудан қашады. «Менің міндетім емес» деп жолашуы отырса, «Ұсақ ақшам жоқ» деп көлік жүргізушісі тымыраяды. Екі жақтан да тыныштық тілесеңіз, таксиге отырарда ақшаңызды ұсақтап алуға көңіл бөліңіз. Немесе көлік жүргізушісіне ұсақ ақшаңыздың жоқтығын такси тоқтатып, есікті ішінен жауып үлгермей жатып ескертуді ұмытпаңыз. Ал такси жүргізушілері осы жәйтті естен шығармауы керек. Жұмысқа шығар алдында алдын-ала ақшасын ұсақтап, жолға дайындалғаны абзал. Сонда «Құда да тыныш, құдағи да тыныш» болмақ.
Көлікте шылым шеккені үшін
Такси жүргізушісінің жолы бір болғандықтан сізді ала кетуі мүмкін. Мұндайда ол көбіне сөзден ұтып кетеді. Өзінің арнайы такси жүргізу қызметінің қызметкері емес екенін айтып, сізді әуреге салуы да әдбен мүмкін. Сондықтан да, ол өз көлігінде жолаушылардың рұқсатын алмай-ақ шылым шегіп, басқа да жат қылықтарды жасауда өзін еркін санайды. Ұстанымы - «Өз көлігімде өзім не істесем де құқылымын». Бәленің бәрі осыдан басталады. Шылымның иісін жақтырмайтын жолаушы үшін бұл нағыз қорлықпен тең дүние. Иістен басы ауырып, беті тыржиған жолаушы жүргізушіден шылым шегуді доғаруын өтінсе, онда тұрған ештеңе жоқ. Бірақ түймедейді түйедей етіп ұрыс шығарудан қашқан жөн. Егер ол әдептен аспаған жүргізуші болса, сол арада-ақ өз қылығы үшін кешірім сұрап, шылым тұқылының көзін жояды. Ал егер сіздің мұныңызға кері жауып қайтарып, қылығын жалғастыра берсе, оны өз ары білсін.
Діттеген жеріне дәл апармағаны үшін
Таксиге отырар алдында жүргізушіге дәл қай жерге баруыңыз керектігін жақсылап түсіндіріңіз. Осы үшін де дау туып кетері рас. Көшелердің қиылысын жақсылап түсіндіріңіз. Кейбір жүргізушілер сізді діттеген жеріңізден асырып, не жеткізбей тастап кетуі мүмкін. Бұған себеп те көп. Сондықтан бәрін жолға шығарда келісіп, түсіндіріп қойыңыз. Келісілген жерге дейін жеткізбесе, бұл – такси жүргізушісіне сын.
Жеке өмірді қазбалағаны үшін
Кейбір іші пысқан такси жүргізушілер жолаушымен әңгіме-дүкен құрудан қашпайды. Әңгімелесіп барып жолды қысқартуды ойлайды. Әйткенмен такси жүргізушісінің барлық сұрағына жауап беруге көп жолаушы үстірт қарай алмайды. Әңгімеге тартқан жүргізуші өз сұрағына жауап ала алмай немесе кері сөз естіп те тыныш отырмайды. Осылайша тағы бір шудың шеті қылт етеді. Жолаушы жүргізушімен сырласып мұңдасуға құқылы емес. Ал егер айтып жатса, ол өз еркінде. Жеке өмірін қазбалап, болмайтын әңгімемен жолаушысын жалықтырған жүргізушінің сүйкімі жоқ. Оның міндеті – жолаушыны барар жеріне жеткізу. Ал қалғаны көңіл күйдің еншісінде.
Ал сіз такси жүргізушісімен қандай жағдайдаларда келіспей қаласыз?
Дайындаған: Ақерке Әбілхан
Сурет: voxpopuli.kz
А. Әбілхан