Ақын Қайсар Қауымбекұлының Massaget.kz сайтында жұмыс істегені естеріңізде ме? Оның әрбір жазған мақаласында үлкен-үлкен ойлар айтылатыны, рухани-адамгершілікке шақыратыны көпті қуантып, тіпті Алшын Матай ныспысымен жазған дүниелерін ел іздеп оқитын деңгейге жетті. Мұны жасыруға болмас. Ал ол сайтымызды ұмытпапты. Оның үстіне кереметтей бір мақала жолдаған екен. "Тағдырыңды жақсылыққа жори біл" деп аталатын әңгіме Қытай жазушыларының шалқыма деп аталатын жанрына өте ұқсайды. Сүйікті авторыңыздың сүбелі дүниесін оқуға асығыңыз, ендеше...
Ержету жолындағы жолыққан үш түрлі іс таңғажайып ірі тәңірдің жазмышындай сезіле береді. Оларды ойыма алсам болғаны тұла бойым дір ете түседі де, он сегіз мың ғаламның маған жасаған әсеріне құрмет етпей тұра алмаймын. Мұның екеуі қуанышты да қалған бірі өкіншіті еді.
Бірнеше жылдың алдында үйім ескіріп кеткендіктен, жөндетуге бекідім. Көп жылдар бойы жиған кітаптарымды реттеп жүріп, орта мектеп екінші жылдығында пайдаланған әдебиет оқулығымның соңғы бетінен мынадай жазуды байқадым. Емтиханға дайындалу барысында болашағымды болжай отырып мынадай жазуларды 100 рет шималап жазыппын: «Заң және экономика университетіне түсемін! Заң және экономика университетіне түсемін! Заң және экономика университетіне түсемін!...»
Сол кезде сабаққа үлгерімім көңілдегідей емес еді. Әр оқу жылының соңында оқу нәтижем сыныпта оныншы не одан да төмен көрсеткіште жүретінмін. Еліктемелі емтиханнан бірде жақсы, ал бірде әдеттегідей бал жинайтын ем. Бұған орта мектептегі бірлеспе емтиханда сәтсіздікке жолыққаным қосылып, университет оқуға деген сенімімнен айрылдым. Қолымнан келері тек бас алмай кітап оқи беру ғана. Тіпті, дұрыс оқу әдісін де білмеймін. Тек өлі жаттанды білім ғана. Мардымсыз еңбегімнің нәтижесінде мен шынында да заң және экономика университетіне түстім. Бұл шынында да хикметті іс еді.
Өзімнің тіпті де таңғалғаным, кезінде «Заң және экономика университетіне түсемін!» деп болашағымды болжағанымды мүлде ұмытып кетіппін. Сол кездегі бұлыңғыр сенім мені жақсы үйренуге жебей түскен шығар.
Кейін бұл іс жөнінде достарыммен әңгімелескенімде, олар маған «Егер Гарвард университетіне түсемін деп жазғаныңда ғой, тағдырыңда бұдан да басқа өзгеріс болар ма еді» деп қалжыңдады.
Күлкілі болса да олардың айтқанына қосыламын. Сол үшін де мынадай тәжірибе жинақтадым – жығылсаң түйеден жығыл. Сенімің берік болып, соған сай талпынсаң, тәтті қиялың шындыққа айналады.
Хикметті кешірмемнің екіншісі мен университет бітіріп бесінші жылы туылды. Ол кезде бірнеше мекемеде жұмыс атқардым. Көпшілігі өзім жақсы көретін жұмыстар болғанымен, басқалар ол қызметтерді көзге ілген жоқ. Маған қамқор бір үлкен кісі мені тамаққа ұсыныс ете отырып, менің не үшін қызмет ауыстыра беретінімді, танауыма су жетпей жүрсе де журналдардың әр санына қалай мақала жолдап жүргенімді білгісі келді.
Ол бір қысты күнгі түстен кейінгі уақыт еді. Күн шайдай ашық болатын. Екеуміз бір-бірімізге қарама-қарсы отырғанбыз. Мен оған шынайы түрде былай дедім: «көп саламен шұғылданатын көңілді адам боламын».
Ол таңырқай жымиып қойды. Дәстүрлі көзқарас бойынша, бұлай істеу әр шөптің басын бір шалғандық есептелетін.
Он неше жылдан соң әлгі кісіге қайта жолыққанымда, ол баяғы кездесуді ұмытпапты. Бірақ, мені құптаған бейнеде былай деді «Сен шұғылданған мамандығыңның бәрінен жақсы нәтиже жараттың!».
Шынын айтқанда сол жылы оған: «түрлі мамандықпен жұмыс атқаратын көңілді адам боламын» дегенім жалаң ғана ұғым еді. Сол сөзді айтарын айтсам да өзіме сенім артпаған едім. Тіпті, қалжыңдаған да болармын. Қазір ойласам, қиялымның шындыққа айналуына маған көмек қолын созған жандар көп болыпты. Оларға рақмет айтуым керек-ақ екен.
Үшінші істі ойға алсам болғаны өкініш өзегімді өртейді. Жоғары қан қысымы, бүйрек ауруы сияқты созылмалы науқастар анамды иектеп алғалы талай жылдар болған. Оның үстіне тұқым қуалайтын қантты несеп ауруы тағы бар. Анамнан қанша алаңдасам да бұл қалыпты дертіне етім үйреніп кетіпті. Бірақ, неге екені белгісіз, менің ең қатты алаңдайтыным – анамның миына қан құйылып, жығылып қалуы еді. Бұл қиялдың миыма қайдан сап ете қалғанын білмеймін. Әйтеу күн сайын алаңдаймын да жүремін. Сол үшін де дәрігердің тапсырмасы бойынша дер кезінде дәрі ішуді, аздап сыртқа сейілдетіп қайтуды қадағалап жүремін.
Бірақ, кей-кейде қарбаластыққа түскенде анамның жағдайына назар аудара алмай қалатын сәттерім де болатын. Сондай кездерде аяқ астынан анамның миына қан құйылса мен қайтемін деп жанымды қоярға жер таппай қасына қайтып келетінмін.
Бірнеше жылдың алдында анам көкөніс дүкенінің алдында ми қан тамыры жарылып, есінен танып қалыпты. Маған хабар келіп, шұғыл құтқару орнына бара жатқан жолда ойыма баяғы өзімнің алаңдаған қиялым сап ете қалды.
Мен алаңдаған жағдай шынымен де туылғаны ма?!..
Сол жығылғаннан кейін анамның денсаулығы бұрынғыдай болған жоқ. Бақытқа орай әкем анамның жанында болып, оны ұзақ уақыт емдетті. Емдеу арқылы оның науқасын дәрігерлер меңгере алатындай болды. Әр жолы әкемнің анамды сүйеп жүргенін көргенімде, өзімнің баяғыда «анамның миына қан құйылса не істеймін» деген жексұрын ойыма өкінемін. Неге ғана сондай қатігез ой қиялыма келе қалды екен.
Міне, бұл істер маған үлкен ой салды: Адам ой-қиялымен меңгере алмайтын табиғи апаттар болмаса болғаны, әдетте адам өміріне қауіп төне қоймайды. Кез-келген адамның өз тағдырын болжауына болады. Өзіңе деген сенімнің күші саған тиімді барлық шарт-жағдаймен селбесе отырып, кедергінің бұғауын талқан етеді екен.
Ұлы мұрат орнатып, соның жолында талпынсаң болғаны – тәтті қиялың шындыққа айналады.
Бір жазушының «Қойшы баланың таңғажайып кешірмелері» деген кітабында мынадай сөз бар еді: «Арманды аңсағаны үшін адам жүрегі жараланбайды... Кез келген биікке қол жеткізуді шынайы армандасаң, он сегіз мың ғалам саған көмек қолын созып, арманыңа жеткізеді».
Дайындаған: Ардақ Құлтай
Сурет: baidu.com