Мансаппен бірге табысымыз да өсері анық. Бұл, әрине, қуантпай қоймайды. Алайда кенет өскен табысыңызды дұрыс пайдалана алмасаңыз, біраз уақыттан кейін ол ақшаңыздың да қайда кеткенін аңғармай қалуыңыз мүмкін. Бұны болдырмас үшін мына кеңестерге құлақ түріңіз:
1. Көңіл-күйіңіз жақсы болғандықтан, мүмкіндігіңіз бар болғандықтан, артық заттарды албырттықпен сатып алмаңыз. Жаныңыз тыныш кезде жоспарлап қойған заттарды иеленіңіз. Сол кезде ғана оны құнттап ұстайтын боласыз.
2. Біраз уақыт «бұрынғы сомамен» өмір сүре тұрған дұрыс, ал «жаңа ақшаға» біртіндеп, жауапкершілікпен үйрену керек. Ол үшін табыс сомасын екі бөлікке бөліңіз: табысыңыз көтерілгенге дейінгі сомаға және қосылған сомаға. Барлық қажетті шығындарды: жол ақысы, тамақ, пәтер төлем ақыларын, несиелерді «бұрынғы» сомадан төлеңіз. Ал қосылған сомамен былай істеңіз:
- 50%-ын өсім пайызы жоғары банкке салыңыз. Бұл біраз ақша жинап алуға көмектеседі. Эксперттер есебі бойынша: күніне 750 теңге (танымал кофейнялардағы бір шыны кофенің құны) инвестициялаған адам бірнеше жылдан кейін миллиондаған қаржы жинап ала алады екен;
- 20%-ын жаңа мансапқа сай келетін костюм немесе ұялы телефонға құртуға болады;
- 10%-ын қайырымдылық қорына, не болмаса ата-анаңызға, туыстарыңызға беріп, көмектесіңіз.
3. Өз беделіңіз бен дербестігіңізді көрсетіп қалуға тырыспаңыз. Және де сол беделіңізді көрсететін дүние-мүлікке жүгірмеңіз. Пайдалылығы жағынан қымбат заттардың бағасында ғана болмаса қарапайым заттардан айырмашылығы аса зор емес.
4. Алдыңғы несиелеріңізді жауып алмай, жаңа несие алмаңыз. Кез келген несиені төлей аламын деген сенім болса да. Эйфория кезінде адам қаржылық мүмкіндіктерін дұрыс есептей алмай қалып жатады.
Сурет: studentbusines.com
Дайындаған: Анар Мұстафина