Ол Американың Нью-Джерси штатында бір кедей отбасында дүниеге келген.
Кішкентайынан тұңғиық мінезді болып өсті. Өзімен шамалас балалар онымен бірге ойнауды қаламайтын. Өйткені, ол ештеңені де білмейтін еді.
Әр жолы емтиханда соңында қалып қоятын. Мұғалім одан сабақ сұрағысы келмейтін. Себебі, ол беті бүлк етпестен «Білмеймін!» деп жауап беретін еді. Басқалар оны топас, миғұла деп мазақ ететін. Көршілері де «Бұл баланың болашағынан ешқандай үміт жоқ» деп бастарын шайқасатын. Оның бұл бейнесінен әкесі қатты алаңдаушы еді.
Құлшынып көрді. Айтарлықтай өнім болмады. Әр күні ояна салысымен сабаққа барудан қорқатын. Өзгелердің мазағынан қорғанатын. Ал демалыста үнемі басқа балалардың асыр салып ойнап жүргенін көріп, үнсіз ойға бататын. Кейін келе мектеп басшылығы оны оқудан шығарып жіберу шешімін шығарады.
Бір жолы ол жыртылған бір доллар қағаз ақшасына бола қайғырып отырған бір қарияға жолығады. Қарт кісінің көңіл-күйін түсінген ол дереу үйіне барып, өзінің сақтап жүрген бір доллар мыс теңгесін алып шығады да, әлгі ақсақалдың қолына еппен ұстата беріп: «Міне, ата, қағаз ақшаңызды сиқырлықпен темір теңгеге ауыстырдым. Алыңыз» дейді. Мұны көрген қария іштей тебіреніп, оны ақылды әрі ақкөңіл бала деп мақтайды.
Дәл осы істен хабар тапқан әкесі ұлының оншама топас емес екеніне қуанады.
Бір күні әкесі оны ертіп Бостонға бармақ болады да, автобуспен жолға шығады. Жол-жөнекей бір аялдамаға келгенде дүкеннен зат алуға түскен әкесі уақытында келмей, жолаушылар көп күтеді. Сәлден соң баланың тықыршығанына қарамастан, автобус жүріп кетеді. Қатты қорыққан ол «Әкелеп» жылап-еңіреген бойы Бостоннан бір-ақ түседі. Кенет, аялдамада өзін күтіп тұрған әкесін көріп таң қалады. Әрі-сәрі күйде аз бөгеліп барып, әкесіне тұра жүгіреді. Күліп келіп құшағына алған әкесіне өзінің жолда қатты қорыққанын баяндайды да, әкесінің қалайша өзінен бұрын келіп алғанын таңырқай сұрайды. Әкесі оған атпен келгенін айтады. Әрі сөзін сабақтап:
- Балам, белгілі мәреге жету үшін қандай жолмен жүру өз еркіңде. Тек табысқа жетсең болғаны. Десе де, кейбір ұзақ жолдармен жүре берудің қажеті шамалы екенін ескергенің жөн. Бұл бейне сенің оқу нәтижең секілді. Ұлым, тек сабақ үлгеріміңмен ғана табысқа жету-жетпеуді өлшем етуге болмайды. Сен де басқа бір жолмен жүріп көр, - дейді. Мұны естіген оның жан дүниесі серпіліп оянғандай болады.
Осыдан кейін ол көптеген адамдардың тілегінің іске аспай торыққанын көріп, көзбайлау (сиқыршылық) өнері арқылы қызықты өнер көрсетіп, олардың рухани жақтағы ауыртпалығын жеңілдетуге бел байлайды. Осыдан бастап, көзбайлау өнеріне айырықша әуестенеді. Өнері үстем ұстаздардың бәрінен тәлім алады. Осылайша, ол өзінің ұлы мұратына барынша талпынады. Оның ізденістері әкесінің қолдауына ие болады. Ұстаздары оның көзбайлау өнеріне деген зеректігі мен жасампаздық қабілетін байқап, одан бар өнерін аямады. Ол осылайша қысқа ғана екі жыл ішінде төрт бірдей ұстаздан тәлім алып үлгереді.
Міне, бұл ешкім ойлап көрмеген, таңғаларлық табысқа жеткен таланттылардың бірі, төрткүл әлемге аты әйгілі «сиқыршы» атанған Дэвид Копперфильд еді.
Біреулердің «Табысқа қалай жеттің?» деген сұрағына ол осы әңгімені айта келіп:
- Табыс төрі бейне тұрақты автобус аялдамасы сияқты. Оған жету үшін барынша талпынамыз, тіпті барлығымыз автобустағы орынға таласамыз, одан дәм тартпағандар келесі кезекті автобусты күтеді. Алайда, неге атпен немесе кемемен сол бекетке тура тартпасқа? Осылай болғанда бәрібір сол аялдамаға жетуге болады ғой. Тек таңдаған жолымыз ғана ұқсамайды, - дейді. Соңында ол тағы: Мен сол істі артынан білдім, барлығы әкемнің орналастыруы екен. Әлгі аялдама Бостонға тым жақын жерде ғана екен. Атпен барса, автобустан бұрын баруға болады екен. Сол себепті әкем бұрын жетіп, мені күтіп тұрыпты. Табысқа жету таңғаларлық іс емес, алайда оны шын мәнінде түсініп, талпынып ізденетін адамдар аз, – депті.
Табысқа жетудің ең жақын жолы көп. Бастысы – сол жолды таба білу.
Дайындаған: Алшын Матай
Сурет: ewents.ru