Бұл өмірде барлығы дәл сіз үшін жаралған.
♥ Сіздің қарныңыз тоқ болсын деп, дүкен сөрелері түрлі тағамға, кафе, мейрамханалар ел естімеген асқа толтырылды.
♥ Сіздің “көйлегіңіз көк болсын” деп, қаншама шебер көз майын тауысып, түн ұйқысын қиып, түрлі киім үлгісін жасады.
♥ Сіздің көңіліңіз жай болсын деп дәл сіз тұратын жерден түрлі салон, демалыс орны, шипажай ашылды.
♥ Сіздің деніңіз сау болсын деп адым жерден емхана мен дәріхана жұмысын үздіксіз жалғастыра береді.Сіздің ақылыңыз бен миыңыз тоқ болсын деп ақын-жазушы бар ойын сарп етіп, қағазға түсірді. Кітапхана мен кітап дүкені де дәл сіздің игілігіңіз үшір тынбай жұмыс істейді.
♥ Сіз өсу жолында бір сәтке тоқтамасын деп, “үйретуден жалықпайтын” ұстаздар қауымы бар ғұмырын сізге арнады.
♥Тамақтанатын жерге барсаңыз, сізге барынша ыңғайлы болуы үшін мыңнан астам адам қызмет етеді. Сізге қандай тағамдар ұнауы мүмкін екенін болжап, арнайы аспаздар жалдайды. Сізге қандай жерде отыру ыңғайлы екенін анықтау үшін айлап, жылдап сараптайды. Кафе басшысы да, кеңесшісі де ол кафеден өзім тамақтанайын, отбасымды, туыстарымды әкеліп қарнын тойғызайын деп емес, бірінші кезекте тұтынушысының - сіздің жағдайыңызды ойлайды. Мұндай мейрамхананы дәл сіз үшін ашты.
♥Дүкенге барып ұнатқан киіміңізді кисеңіз, құйып қойғандай жараса кетеді. Ол бұйымның бір қауашақ мақта дәнінен киімге айналып, жарқыраған әдемі дүкеннің төріне ілінгенше қанша адам қызмет еткенін есептей беріңіз. Олардың ешқайсысы өзіме бір жіп есіп алайын, ешкімде жоқ ерекше киім тігіп киейін деп, өзі үшін емес, дәл сізге қолайлы болуы үшін еңбек етті.
♥ Әйел затын сұлуландырып, көркіне көрік қосып, энергиясын көтеріп жүретін массаж мамандары, сән салонының шеберлері “ұста пышаққа жарымайды” деп, кейде өзіне қарауға мұршасы болмай жатады. Міне, олар да бұл салонға өзім сұлу боп жүрейінші деп емес, сізге қуаныш сыйлайын деп қызмет етуге кірісті.
♥ Дәріхана мен емханадағы мамандар өмірінің оннан астам жылын оқуға сарп етіп, тәулігінің жартысынан көп бөлігін балаларының, жұбайының жанында емес, пациентінің, сіздің жаныңызда өткізеді. Олар да басым ауырып, балтырым сыздағанда өзіме укол салып алайын, толғағым келгенде жеңіл босана салайын деп өзі үшін жүрген жоқ. Нақ сіз үшін, сіз ауырмасын деп, ауырып ем іздесе, дер кезінде қатарға қосылсын деп, осындай қиын мамандықты таңдады.
♥ Кітап кәсібімен айналысатындар және ағартушы мамандар үйдегі баламды оқытайын, туған туысымның сауатын ашайын деп емес, дәл сізге бір көмегім тисін деп ұйқыдан айырылып, түн баласы қағаз кеміріп отырады. Өзім қарайып қалмайын деуден бұрын, шәкіртімнің бір сұрағын да жауапсыз қалдырмайын деп, үздіксіз оқып, дамып отырады.
♥ Айналаға зер салыңыз. Барлық адам, бүкіл жаратылыс тек сіз үшін қызмет етіп жүр.
Осы бақытты көре тұра кері кету, түңілу, әлденеге көңілі толмау, әсте, жарамайды. Бұл әлем тұтастай сіз үшін жаралған! Сіз бақыттысыз!