Менің бір таныс апайымның әңгімесі есімнен кетпей, еріксіз қолыма қалам алғызып отыр. Апайым әдеттегідей үйінен шығып жұмысқа бара жатады. Күздің қара суығында жарым-жартылай жалаңаш: мектеп формасында, аяғында туфлиі, қолында сөмкесі бар, егіліп жылап тұрған бір қыз баланы көреді. Жақындап келіп не болғанын сұрастырып біледі. Сөйтсе қыз бала 5-сыныптың оқушысы, Алматы маңындағы бір ауылда тұрады екен. Ата-анасы аулындағы мектепке көңілі толмай, қаладағы мектептің біріне ауыстырыпты. 1-тоқсан қорытындысы бойынша «үштіктері» көбейіп кетіпті. Мұны білген анасы ұрып-соғып, мектепке жібермей, үйге қамап қойған жерінен қыз бала терезеден қашып шығыпты. Қайда барарын, не істерін білмейді.
Апайым дірдектеп тұрған қыз баланы аяп кетіп, үйіне апарып, балаларына оны көрпеге орап отырғызып, ыстық шай берулерін өтінеді. Өзі қыз баланың мектебіне келіп, сынып жетекшісін тауып алып, мән-жайды баяндайды. Әрине, қыз баланы ата-анасы келіп, алып кетеді, одан арғы тағдыры апайыма белгісіз. Әйтеуір арты жақсылық болсын. Жарайды, бұл қыз әлі кішірек, ал жасөспірім кездегі отпен ойнап тұрған шақтағы оқушы болса ше?!
Баласының жақсы оқығанын, үлгілі оқушы болғанын қай ата-ана қаламайды дейсің. Алайда тәрбие «аюға намаз үйреткен таяқ» деп, ұрып-соғу арқылы берілмейді ғой. Мұндай "тәрбиенің" арты суицидке апарып соқпай ма?
Бұған сіздер не дейсіздер, құрметті қауым?
Автор: Фариза Әбілова
Сурет: 1366x768hd.ru