Сіз ойланасыз ба? Күн сайын ойланасыз ба? Күнделікті қайталана беретін әрекеттерден ойлануға қанша уақытыңыз қалады? «Адам баласын құртатын ой емес, ойсыздық шығар...» деп жазушы Оралхан Бөкей айтпақшы, ойланбайтын адам аз бұл күнде.
Ой – шексіз дүние. Ой – ұшы қиыры жоқ түпсіз терең тұңғиық. Кез келген терең ой адамды тұйыққа тірейді. Ой тереңіне бойлай берсеңіз, тұңғиыққа тап боласыз. Адамға ой қай кезде келеді? Қандай ойлар құнды, сол туралы біле отырыңыз.
Сәтінде ғана келіп, лезде ғайып болатын эмоция мен ақылға иек артқан ойлы сәттеріңізді бағалаңыз. Себебі, сіз ойлаған дүниені басқа біреу ойлай алмауы мүмкін.
Қоршаған орта, қоғам, дүние туралы қалай ойласаңыз, сіз қабылдаған дүние дәл сондай. Яғни, жаман қабылдасаңыз – жаман, жақсы қабылдасаңыз – жақсы болмақ. Сондықтан жақсы ойда болыңыз. Артық ойдан арылғаныңыз абзал.
Күнделікті қоғамдық көлікте (автобус, трамвай, метро, т.б.) келе жатқанда ойға шомып кететін сәттеріміз жиі боп тұрады. Бұл кездегі ойлар шашыраңқы болса да құнды. Кейде мүлде ойламаған тың ойлар осындай жерде келуі ғажап емес.
Жалғыз жаяу жүріп немесе музыка тыңдап келе жатқанда да ойлануға болады. Әдемі әуеннің әсері сізді шексіз ойдың құндағына бөлейді. Егер қасыңыздан ығы-жығы толған адамдар өтіп жатса да, көшенің у-шуы бұл кезде сізді алаңдата қоймайды.
Өзіңізді мазалаған, толғандырған ойларыңызды күнделігіңізге түртіп жүріңіз. Өйткені, бүгін жазылған дүние ертеңгі күні іске асуы мүмкін екенін естен шығармаңыз. Ой – әрекет бастауы.
Ең бастысы – ойыңыз таза, ниетіңіз ақ болсын. Артық, керексіз ойларды санаңыздан шығарып тастағаныңыз абзал. Мұндай ойлар сізге кері әсерін тигізіп, күйзеліске ұшыратуы мүмкін. Бір сәт жүрекке, бір сәт ақылға салыңыз. Жүрек пен ақылдың тепе-теңдігі бұзылмасын!