Кей кездері бейтаныс адамдарды қойып, жақындарымызды түсінбей жататын кездеріміз жиі болады. Ол адамға ақпаратты жеткізу қиынның қиыны. Бүгін адамдарды сөзсіз түсініп, қажет ақпаратты жеткізу тәсілдерін ұсынамыз.
Әр адам өз алдына қайталанбас тұлға болғандықтан, қоршаған орта құбылыстарын өздігінше қабылдайды. Сондықтан бірінші кезекте әңгімелесушіңіздің ақпаратты қалай қабылдайтындығын біліп алғаныңыз жөн.
Әдетте адамдар аудиал, визуал, кинестет сынды 3 топқа жіктеледі. Енді олардың әрқайсысын жеке талдап көрейік.
Аудиалдар
Аудиалдар ақпаратты есту арқылы жақсы қабылдайды. Бұндай адамдар «менің естуімше», «сіздің тамағыңыз ауырып қалған ба?» сынды сөздерді жиі қолданады. Олар дыбыстарды тыңдауда сезімтал келеді. Оларды арнайы зерттеген мамандар басқа топтағыларға қарағанда есту қабілеттерінің жақсы екендігін дәлелдеп отыр. Олар өздеріне сенімді, өзгелерге түсінікті дауыс ырғағымен сөйлейді. Бұл топқа жататын адамдар өз ойларын жалғыз отырса да дауыстап айтады. Аудиал адамдармен тілдескенде айтылған ақпаратты ойша өңдеуге мүмкіндік беріп отырған жөн. Бұл үшін сөз арасында кішігірім кідірістер жасап отырыңыз.
Екіншіден, дауысыңыздың жібектей нәзік әрі құлаққа жағымды шығуын қамтамасыз етіңіз. Тамағыңыз ауырып тұрған болса, әңгімені міндетті түрде кейінге қалдырыңыз. Мұнымен қатар, бетпе-бет айтылған ақпаратқа қарағанда, телефонмен айтылған ақпаратты жылдам қабылдайтындығын біліңіз. Оларды сендіру үшін сөздеріңіз сенімді әрі анық шықсын. Сүйіктіңіз аудиал болған жағдайда кездесулеріңіздің музыкамен өткізуге тырысыңыз. Бұл олардың жүректерінде ерекше әсер қалдырады.
Өзіңіз аудиал болған жағдайда ақпаратты оқып, дауыстап қайталаған соң жақсырақ қабылдайтындығыңызды ескеріңіз.
Визуалдар
Бұл топтағы адамдар аты айтып тұрғандай кез келген ақпаратты көзбен қабылдайды. Олар тыңдау арқылы алынған ақпараттарға қарағанда, көрген немесе оқығандарын есінде ұзақ уақыт сақтайды. Оларды да жиі қолданатын сөздері арқылы анықтауға болады. «Маған осылай көрінді», «көрейік», «менің байқауымша», «бүгін мынандай таңғажайыпты көрдім!» секілді сөздерді жиі қолданады. Мұнымен қатар, әңгімелесу барысында көрсеткен мінез-құлықтары арқылы да анықтауға болады. Олар эмоцияға берілгіш келіп, сөйлегенде дауыстарын қатты шығарады. Сөйлеу барысында қолдарын сермейді. Әдетте сабақ айтып тұрғанда жоғары қарап, иегін көтеріңкі ұстайды, сөздерін қолдарымен түсіндіре отырып айтады. Визуалдар алдымен айтып алып, артынша ойланады.
Әңгімелесушіңіздің визуал екеннін білсеңіз, назарын төмендегі ережелердің көмегімен өзіңізге бұра аласыз.
Біріншіден, визуалдар адамның сырт келбетіне мән береді. Сол себепті олардың алдында барынша әдемі болып киіну керек. Өзіне қарамайтын, бояну мен қырынуды білмейтін адамдардан аулақ жүруге тырысады.
Екіншіден, оларды мың жерден шешен болсаңыз да, бұл қасиетіңізбен сендіре алмайсыз. Бұл қасиетіңіздің орнына график, картина, сурет, видеоларды пайдалануыңызға болады.
Ал олардың сізге деген шыншылдығын көздерінен байқай аласыз. Бұл топтағы адамдар келер шақты ойлағанда жоғары және оң жақтарына қарап тұрып сөйлейді. Ал, керісінше, сол жақтарына қарап тұрып өткен шақтағы оқиғаны есіне түсіреді. Егер өткен шағына қатысты сұраққа оң жағына қарап тұрып жауап айтып тұрғандығын байқасаңыз, өтірік айтып тұрғаны.
Өзіңіз визуал болған жағдайда жаңа материалдарды игеру барысында ақ қағазға сурет салу арқылы кез келген ақпаратты жаттап алсаңыз болады.
Кинестеттер
Қоршаған орта құбылыстарын ерекше сезімталдықпен қабылдап, заттарды қолына ұстап көрген кезде ғана пікір білдіретін адамдарды осы топқа жатқызуға болады. Әдетте «менің сезгенім», «мен сезіп тұрмын» сөздерін жиі айтады. Алған ақпараттарын өңдеу барысында ұзақ ойланып-толғанады. Сөздері нәзік, бір қалыпты, созылыңқы шығады. Әңгімелесіп отырып, не туралы айтып жатқандарын ұмытып қалулары мүмкін.
Кинестеттермен әңгімелесу барысында отырған жердің ыңғайлы, бөлме ішіндегі ауаның таза болуын қамтамасыз ету керек. Өзіне жақпаған жерлерден бірден кетіп қалулары ғажап емес. Бұдан өзге олармен тілдесу үшін шыдамдылық қажет.
Екіншіден, әңгіме барысында қолына байқатпастан бір ойыншықты немесе затты ұстатыңыз. Олар сөйлеп отырып, қолдарымен заттарды ұстап отырғанды жақсы көреді. Оларға бір нәрсені сатқыңыз келсе, міндетті түре ұстап көруге мүмкіндік беріңіз.
Өзіңіз кинестет болсаңыз, оқыған немесе естіген ақпараттарыңызды қағазға жазып отырып есте жақсы сақтай алатындығыңызды ескеріңіз.
Осы құпиялардың арқасында достарыңыз бен туысқандарыңыздың, әріптестеріңіздің ақпаратты қалай қабылдайтындығын анықтай аласыз. Қай топқа жататындығын анықтап қана қоймай, әңгімелесудің кілті өзіңіздің емес, өзгенің қалауын табуда екендігін ескеріңіз!
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: woman.ru, dlearning.ru