- Негізгі бет
- Психология
- Сіз жеңімпаз бола...
Сіз жеңімпаз бола аласыз ба? (тест)
Жеңіс деген ұғым бала кезден санаға сіңе бастайды. Өсе келе осы ұғымды сезінгісі келеді. Кейде сәті түссе, кейде жолы болмай қалады. Ал сіз жеңімпаз бола аласыз ба? Бойыңыздан жеңімпазға лайық қасиеттер табыла ма? Мұны білу үшін төмендегі сұрақтарға «иә» немесе «жоқ» деп жауап беріңіз.
1. Өзімнің қандай әрекет жасайтынымды жақсы білемін. Жеңілген жағдайда ешкімге айтпаймын.
2. Жеңіске ұмтылмас бұрын, жеңіліп қалмаудың барлық мүмкіндігін қарастырамын. Әрбір болуы мүмкін сәтсіздікті детальді түрде елестетіп, оның алдын аламын.
3. Өзімді нашар сезінген кезде өткен өміріме қарағанда жақсы ғой деп ойлаймын.
4. Лотерея ойындарындағы жеңісті кездейсоқтық деп есептеймін.
5. Өмірден опық жеп, сүрінген сәттерде қайта тұрып, жүгіріп кететін адамдарды жақсы көремін.
6. Бірінші рет оңға баспаған істің, келесіде міндетті түрде жүзеге асатынына сенімдімін.
7. Мен шын мәнінде өз әрекеттерімнің бірнеше нұсқасын сырттай бақылап көргім келеді.
8. Қатты қиналып кеткен кезде өзіме: «Жетістіктерге жете алмасам да, адамдар қатарында өмір сүріп жүргенім үшін рақмет» деп айтамын.
9. Еш уақытта жеңіліс жайында ойламаймын. Керісінше, өзімді жетістіктер мен жеңістерге ғана дайындаймын.
10. Қанша жерден ашуланып тұрсам да, шектен шықпаймын.
11. Ертеңгі күнім жақсы болсын деген ниетпен жеке кәсібімді ашқым келеді, алайда мамандығым мен тұрақты жұмысымды тастай алмаймын.
12. Жеңіске жеткен кезде, қатты қуанамын және қуанышымды көрсетуден еш ұялмаймын.
13. Басталар істің алдында толқыған сайын жеңілістің лебін сеземін.
14. Адал еңбекпен қалаған жалақыңа қол жеткізу қиын, сол себепті аздаған қулықтар жасауды жөн көремін.
15. Алдыма келген мүмкіндіктен бас тартып аламын да, артынша бармағымды тістеп өкінемін. Уақытымның да құр кеткенін түсінемін.
16. Әйтеуір адам қатарлы өмір сүріп жатқаныма қуанамын.
17. Әрбір сәтсіздіктен кейін өзімді жылдам жинақтап, энергиямды қайта қалпына келтіріп алып, ісімді ары қарай жалғастырамын.
Жауабы:
1, 6, 10, 17 нөмірлі сұрақтарға «жоқ», 2, 4, 5, 7, 9, 11, 12, 13, 14, 15, 16 нөмірлі сұрақтарға «иә» деп жауап берген болсаңыз, дұрыс жауаптың әрқайсысын 2 ұпайдан есептеңіз.
10 ұпайдан төмен алсаңыз, өзіңіз сәтсіздіктерге ұмтылғаныңызбен қоймай, үнемі тағдырдың басыңызға салып қойғаны немесе сізді жазалағысы келгендігі деп ойлайсыз. Сәтсіздіктерге өзіңіз барып ұрынасыз. Өміріңіз арман мен өкініштерге толы болғанына қарамастан, өзіңізді бар мүмкіндікті пайдаланып қойған адамдай сезінесіз. Қиындықты «дәл қазір, осы жерде жеңу» керектігіңізді түсінуге тиіссіз.
Егер сіз 3, 8, 16 сұрақтарға дұрыс жауап беріп, 11 мен 22 сандарының арасындағы ұпайға ие болсаңыз, өзіңізді нағыз қоғамға керек адаммын деп есептеуіңізге болады. Сіз керемет қызметкерсіз, басқаруды ұнатасыз, әрбір ісіңіз тиянақты, айналадағы адамдарға да риза болып жүретін жансыз. Сізбен сөйлесуді кез келген адам ұнатады. Әліңізді біліп, қолыңыздан келмейтін мақсаттарға ұмтылмайсыз.
23-тен жоғары ұпай жинасаңыз, сіз – нағыз жеңімпазсыз. Алдыңызға шынайы мақсаттар қойып, әрдайым жетіп отырасыз. Нәтижесі сіз ойлағаннан да керемет шығады. Байлығыңыз аз болса да, көп кешікпей қалағаныңызға қол жеткізіп отырасыз. Жеңілістің барлығы көп ұзамай қажырлы еңбектенуіңізге себепші болып, сізді алға жетелейді. Айналаңыздағылар жетістіктің барлығына «таныс-тамыр» арқылы жетіп жүр екен деп ойлайды. Шындығында олай емес екенін өзіңіз жақсы білесіз. Сіздің басқалардан артықшылығыңыз жеңілісті жеңіске айналдыра білуіңізде. Яғни, сүрінген кезде ешкімнің көмегін күтпестен, қайта тұрып мақсатына ұмтылатын жандардың бірісіз.
Г. Берік