- Негізгі бет
- Психология
- Сіз бақыттысыз: Ақша...
Сіз бақыттысыз: Ақша не уақыт?
Әрине, қазір ақшаның дәуірі жүрген заман. Әлем тұрғындары «Сананы тұрмыс билейді» дегенді сыныққа сылтау етіп, уақытымыз бен жан-дүниемізді жоғалтып алып жатқандай. Табыс немесе бос уақыт. Сіз осы екі ұғымның қайсысын таңдар едіңіз?
Колумбия Британ Университетінің оқымыстылары зерттеу жүргізіпті. Олар сараптама қорытындысы бойынша ақшаны құнды дегендерге қарағанда уақытты «барым» деп бағалайтын жандар бақыттырақ деген тұжырымға келген. Зерттеу қорытындысы Social Psychological and Personality Science журналында жарық көрген.
Зерттеу барысында қатысушылар бірнеше сұраққа жауап берген, ситуациялық жағдаяттардан шыға білген. Қатысушылардың бірінен «Сіз іс-сапарға арзан және ұзақ жүретін тікұшақпен барар ма едіңіз немесе қымбат, бірақ тез жететін транспортқа отырар ма едіңіз» деп сұраған екен. Ол ұзақ ойланып, «Екінші нұсқаны таңдаймын» деген екен. Бұл тек бір-ақ қатысушының жауабы емес, жартысынан көбі дәл осылай жауап берген екен.
Зерттеуге 4600 адам қатысқан. Олардың ішінде америкалық жұмысшы да, канадалық студент те, жасы да, кәрісі де бар. Олардың әлеуметтік жағдайы, жас ерекшеліктері ескерілмеген екен.
Ақыл тоқтатып, ес білген адамдар уақытын бағалайтын көрінеді. Ал жастар көбіне «өмір сүру үшін ақша керек» деп жауап берген екен. Екіұдай пікірде болған адамдар «өмір сүре де, ақша таба да білген дұрыс» деген.
Шынымен, адамзатты бақытқа бөлейтін не? Мұны ғалымдар дөп басып айта алмайды. Өйткені, әр адам – жеке индивид. Ал сізді бақытты қылатын не? Ақша ма әлде уақыт па?
Г. Берік