- Негізгі бет
- Психология
- Сыйлық таңдаушыларға 6...
Сыйлық таңдаушыларға 6 кеңес
Жаңа жыл мерекесіне дайындықты әркім түрліше елестетеді. Бірі – жаңа жылдық шырша мен үй ішін безендіру десе, екіншілері – дүкен аралап сыйлық таңдауды айтады. Әдетте, Жаңа жыл жақындаған сайын дүкен сөрелерінде заттар таусылып, жақындарымызға лайық сыйлық таңдай алмай қаламыз. Өзіңізді де, жақындарыңызды да ыңғайссыз жағдайға қалдырмай, сыйлықтар туралы алдын ала ойланыңыз. Ал, дұрыс таңдау жасауға төмендегі кеңестеріміз көмектеседі деген үміттеміз.
№1 кеңес: Сыйлық иесімен бірігіп дүкен аралаңыз
Өзіне сыйлық таңдау үшін бара жатқандарыңызды білдірмеңіз. Өзіңізге киім аламын деп бірнеше дүкенге кіріңіздер. Құрбыңыз, анаңыз, сіңіліңіз міндетті түрде өзіне ұнаған затын қарайлайды. Сол сәтте ұнатқан затын есте сақтап, келесіде оны сатып алуға келіңіз. Осылайша, сыйлық бірнеше есе қуантады. Өзіңіз бара алмаған жағдайда, таныстарыңыздың көмегіне жүгініңіз.
№2 кеңес: Тілектер парақшасымен алмасыңыздар
Бұл сыйлық сыйлаушының жұмысын жеңілдетеді. Отбасыңызда немесе достарыңыздың арасында «тілек парақшасымен» алмасуды дәстүрге айналдырыңыздар. Ол тізімге терезеге ілінетін пердеден бастап, саяхаттауға жолдамаға дейін жазыңыз. Яғни, қалағаныңызды енгізіңіз. Бұл қарым-қатынастарыңызды жақсартып қана қоймай, бір-біріңіздің қызығушылықтарыңызды анықтауға көмектеседі. Мұнымен қатар, ол жерде әртүрлі сыйлық жазылатындықтан, ішінен қалтаңыз көтеретінін таңдауыңызға болады. Төтесінен қойылған «Саған не сыйлайын?» сынды сұрақтар ойлануға мүмкіндік бермеуі мүмкін. Сол себепті, бұл дәстүрді жыл бойына жүргізуге болады.
№3 кеңес: Хоббиіне мән беріңіз
Хобби – сыйлық таңдауға міндетті түрде көмектеседі. Әсіресе, соңғы кезде айналысып жүрген қызығушылықтарына мән беріңіз. Объектіңіз коллекция жинаушы болса, жолыңыздың болғаны. Өйткені, оған сыйлаған затыңыз еш уақытта көптік етпейді.
№4 кеңес: Географияны кеңейтіңіз
Бауырыңыздың көптен бері шетелде ғана сатылатын техниканы қалап жүргенін білсеңіз де, үнемі үйіңізге қарама-қарсы дүкенде сатылатын сыйлықты сыйлаумен болдыңыз. Бүгінгі таңда интернет пен банктің көмегімен әлемнің түкпірінен қалағаныңызды алдыру мүмкіндігі бар. Сондықтан, географияны кеңейтіңіз! Қиялыңызды іске қосып, ерекше бір нәрсе сыйлаңыз.
№5 кеңес: Еске түсіріңіз!
Кейде адамды қуантатын затты анықтау үшін әңгімелеріңізді еске түсірудің өзі жеткілікті. Тіпті, өзімізде армандарымызды, қандай заттарды қалайтындығымызды байқаусыз да айтып қоятын кездеріміз болады. Мүмкін анаңызға туысқандарыңыздың үйінен көрген перде немесе ыдыс аяқ ұнаған шығар? Сол ұнатқан затына ұқсасын таңдаңыз. Немесе досыңыз барған концертін мақтап келді делік, олай болса оған ұнатқан әншісінің альбомын ұсыныңыз.
№6 Шаттық сыйлаңыз!
Мамандардың айтуынша, сыйлықтан алатын қуаныш оның бағасымен мүлдем байланысты емес. Бастысы – қалауын табу. Ресми түрде сыйланған қымбат сыйлықтан, қорабы қолдан жасалған сыйлық мың есе артық. Аспандағы жұлдызды алып бере алмасаңыз да, сол жұлдыздарды қағаздан қиып, әдемі ашық хатқа жабыстырып беріңіз. Махаббат пен қамқорлықтан асқан еш нәрсе жоқ. Келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен!
Сурет: rumbur.ru
Қ. Бүйенбай