Сыртқы сұлулық па, жан-дүние сұлулығы ма?

Сыртқы сұлулық па, жан-дүние сұлулығы ма?

Жиырма бірінші ғасырда қыздың сыртқы сұлулығына мән беріліп, жан-дүние сұлулығы екінші орынға ысырылып қалды. Сондықтан қыздар сұлу болып көріну үшін денедегі кем-кетіктерін жасырам деп түрлі құрбандықтарға барады. Пластикалық операция салонға кіріп-шыққандай үйреншікті нәрсеге айналып кетті. Бұрын қыздар мүсіні мен жүзін ретке келтіру үшін косметика мен физикалық жаттығулармен шектелетін. Ал қазір 16 жастан асқаннан кейін көбі операция үстеліне жүгіреді. Пластикалық операцияның осынша танымал болуына әлемдік мега жұлдыздардың пластикалық операция көмегімен ажарына сән, көркіне сұлулық үстеп жатқандары да себеп болса керек. 

Пластикалық операция жоқ заманда да қыздар әлемдегі ең сұлу жаратылыс болды. Қаншама шайырлар арудың сұлулығын жырға қосып, қаншама сазгерлер әсемдікке тамсанып, тебіренді. Қаншама суретші әйел сұлулығын суретке салу үшін түнімен дөңбекшіп шықты! Әйел сұлу болмаса, Леонардо да Винчидің атақты "Мона Лизасы" дүниеге келмес еді, Жаһан шах жарына арнап көкпен тілдескен "Тәж Махал" кесенесін тұрғызбас еді... Бұл құндылықтар әлі де ерекше бағалы. Өйткені, олар ең алдымен әйелдің жан сұлулығын көрсетуге тырысты.

Көптеген психологтардың пікірінше, "Кез келген әйел әдемі киім мен бояусыз-ақ сұлу. Өйткені олардың жаратылысы сондай".

Біз "Сыртқы сұлулық мәңгі тұрмайды, ішкі сұлулық маңызды" деп ойлағанымызбен, жігіттер бәрібір қызым ай қабақ, алтын кірпікті сұлу болса екен деп армандайды. Бұл рас нәрсе! Стюардесса болу үшін сұңғақ бойың болу керек. Модельдер туралы ләм демей-ақ қояйық... Зерттеудің қорытындысы көрікті адамның жұмысқа тұруы да тез деген пікірді айтады.

Яки, жігіттер ғана емес, заманның өзі сыртқы сұлулыққа басымдық беріп отыр. Қазақ жігіттерінің көбі "Қандай қыздар ұнайды?" деген сұраққа: "Шашы ұзын қыздар" деп автоматты түрде жауап беретінін ескерсек, "сұлулық" ұғымы қазақ түсінігіндегі "шашы ұзын, ақылы қысқа" әйелдің сыртқы келбетімен өлшенеді деген пікірге келісуге болады. 

Сіз үшін қайсысы маңызды?

Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова

Сурет: favim.ru, xozyaika.com

Р. Роза