- Негізгі бет
- Психология
- Сырт келбетіне көңілі...
Сырт келбетіне көңілі толмайтын жасөспірімге қалай көмектесуге болады?
Әрбір ана үшін туған баласы әлемдегі ең мінсіз адам екені рас. Алайда ол кенеттен өзінің денесі, сырт келбетіне көңілі толмайтынын айтып бастағанын көру қиын соғады. Осындай жағдайларда ата-аналар балаларына өзін бар болмысымен жақсы көруді үйретудің жолдарын іздейді. Сонымен, жасөспірімге келбетіне қатысты позитивті пікір қалыптастыруға қалай көмектесуге болады?
Біз сыртқы келбеттен біреу болмаса, біреу мін тауып беріп, бетіне басатын әлемде өмір сүріп жатырмыз. Қоғам әлеуметтік желіде көрсетілетін жарнамалық идеалға жақындау үшін әрқашан «түзететін нәрсе» іздеп тұратын болды. Косметикалық компаниялар мен пластикалық хирургтар адам өзіне сенімсіз болғанда жүрегін жаулап алатын сәтсіздік, жалғыздық, қартаюдан қашу сынды қорқыныштардан пайда табады. Өз келбетін қабылдау және сол болмыспен гармонияда өмір сүру жасөспірім түгіл, тіпті ересектер үшін де оңай емес.
Мұндай баланы бос проблема ойлап тауып, құр әуре болып жүрсің дегенге сендірудің қажеті жоқ. Біздің ата-ана ретіндегі міндетіміз - баланың жек көру, ашу, ыза, қорқыныш секілді сезімдерін мойындау және осы сезімдермен жұмыс жасай алатын қауіпсіз аура құруға көмектесу. Міне, сол себепті сөйлесе білудің маңызы зор. Сөйлесуді бастауға көмектесетін бірнеше фразалар:
1. "Сен не себепті мұндай сезімге бой алдырдың?"
Әңгімелесудің басында баланың айтқанына "Мұның нағыз ақымақтық, Құдай жаратқан болмысыңнан мін іздеме", "Бұл нонсенс, ойлап таппайтының жоқ!" деген секілді пікір білдірудің қажеті жоқ. Керісінше оған мұның табиғи нәрсе екенін көрсетіңіз, яғни, кез келген адамның бойында сымбатына күмән болатынын білдіріңіз. Ондай сезім ең сұлу адамдарға да тән екенін айтыңыз.
Оның сезімдерін талқылаңыз. Сұрақты ашық қою балаға эмоцияларын еркін жеткізуге және олардың не үшін пайда болғанын айтуға мүмкіндік береді.Бұл жасөспірімге оның мұндай сезімге бөленуі заңды екенін көрсетеді және сіз журналдардың, жарнамалардың, құрбы-құрдастардың сөздерінің кесірінен қалыптасқан сенімсіздікті өшіресіз.
Сонымен қатар, сіз балаңыздың өзіне деген сенімін нығайтып, бағалы ақпарат бересіз. Әрі қарай не айту керек екенін болжай аласыз.
2. "Өзіңе ұнайматын тұсың мінсіз болса, өмірің қалай өзгереді деп ойлайсың?"
Баланың жасына байланысты бұл сұрақ одан әрі сөйлесуді басқа бағытқа бұруы мүмкін. Бірақ мақсат бір: жасөспірімнің неге басқаша көрінгісі келетінін, оның денесін неге жек көретінін және оны сүйкімсіз деп санайтынын түсіну. Бұл сұрақ баланың қиялындағы өзінің идеал болмысын көруге әкеледі.
Осы жерде сіз идеал бейне мен баланың шынайы болмысының арасында пайда болған бос орынға көпір сала аласыз. Мүмкін сіздің балаңыз бес келі салмақ тастағаннан кейін өзін бақытты сезінемін деп ойлайтын шығар? Бұл ақпарат жасөспірімнің сыртқы келбетке қатысты ойын анық көрсетеді.
3. "Саған өз бойыңнан ұнайтыны не?"
Жасөспірімнің жағымсыз сезімдерін мойындағаннан кейін, осы сұрақты оның назарын өзінің артықшылықтарына аудару үшін қолданыңыз. Ол сыртқы келбетінің тартымды бөліктер атап өтсін. Егер бала өзінің әдемі кірпіктерін жақсы көрсе де, мәселе соншалық шиеленіспегенін байқайсыз. Себебі өз артықшылығын байқаған балада жағымсыз ойларға қарсы тепе-теңдік жасайтын позитивті пікір де бар болып шығады.
Оған "мен сыртқы келбетімде нені жақсы көремін" және "мен сыртқы келбетімде жек көретін нәрселер" деген екі тізімнің де қатар өмір сүре алатынын айтыңыз. Және біртіндеп осы екеуі бір-бірімен теңесе келе, дененің тек сүйкімсіз ғана болмайтыны туралы ой қалыптастыруға жақындай алады.
4. "Сен тәнің - сенің құндылығың, деніңнің саулығы"
Көлемі, түсі мен мүмкіндіктеріне қарамастан, біздің денеміз расымен біздің байлығымыз. Біз сыртқы келбетімізден мін іздеумен жиі айналысатындықтан, денеміздің таңғажайып мүмкіндіктерін ұмытып кетіп жатамыз.
Баланың осыны түсінуі маңызды: өзінің қолынан қолынан не келетінін білу оның мәселесін шешуге бір табан жақындатады.
Балаңызға денесінің арқасында не істей алатыны туралы ойлануын сұраңыз. Мүмкін биіктікке секіре алатын шығар, футболды керемет ойнайтын өнерін есіне салыңыз, жылдам жүгіретіні секілді физикалық қабілеттерін айтып еңсесін көтеріңіз. Мұның бәрі осы өзі көңілі толмайтын денесінің арқасы екенін ескертіңіз.
5. "Адамның болмысы сырт келбетпен бағалы болмайды"
Жасөспірімге оның адами қасиеттері киім өлшемімен немесе салмақпен бағаланбайтынын қайта-қайта ескертіңіз. Сыртқы келбетке қатысты "әдемі" деген сөзден аулақ болыңыз, бұл тым субьективті пікірге келеді. Бала да ә радам өзінше ерекше екенін, белгілі бір стандарт жетегінде кетпеу керек екенін ұғады. "Сенің келбетің керемет" деп жиі айтыңыз.
Бұл оның күннен күнге өзіне деген сенімді болуын арттырады және жасөспірімге өзін жақсы көруге көмектеседі. Сыртқы келбетке қатысты алаңдаушылықты қалай жеңе алатыныңызды сипаттаңыз, сонда жасөспірім сіздің де сондай күй кешетініңізді біліп, өзінің жалғыз емес екенін түсінеді.
А. Оралқызы