Cын шамға тию үшін немесе әділ баға беру үшін айтылуы мүмкін. Әділ сын кемшіліктерді ашып көрсететіндіктен, оның біздер үшін пайдасы мол. Бұдан өзге, қасақана айыптайтындар да табылады. Олардың мақсаты – бізді ашуландырып, өзімізге деген сенімнен арылту. Бүгінгі тақырыбымыз қасақана айтылған сынға қарсы тұру аясында болмақ.
Олай болса, айыптаулар нөсерлі жаңбырдай төбемізге құйылып жатса не істейміз? Осы сұраққа жауап беріп көрейік. Ең бірінші кезекте, бізді не себепті айыптап тұрғандарын түсіну керек. Егер сын дұрыс айтылса, оны көтеру парызымыз. Мұны өзімізге сенімді, ар-ұятымыз бар адам ретінде мойындауымыз керек. Хан қызынан да қателік кететіндіктен, қателігіміз үшін жұрттан жанашырлық күтпегеніміз жөн.
Сын айтылған кезде көзді жүгіртіп, кекештеніп жауап қайтару - қателік. Бұл айыптаушыны рахат сезіміне бөлейді. Ол өзінің психологиялық деңгейде сізді жеңгенін сезіп, мысқылдауы да мүмкін. Ал өзіңізге деген сенімділік оны қажытады. Осылайша, айыптаушы өзінің тыныш жатқан арыстанның мазасын алғанын түсінеді.
Бір сөзбен айтқанда қателіктеріңізді мойындаудан қорықпаңыз. Бұл әлсіздігіңізді емес, күштілігіңізді көрсетеді. Дәл осы сәтте сырттай әрі іштей сабырлы болғаныңыз жөн. Осылайша, сізді айыптап тұрған адамның мақсатын түсіне аласыз. Оның төмендегідей түрлі себептері болуы мүмкін:
- Сіз оған ұнамайсыз. Сондықтан, оның алдына қойған мақсаты – сіздің көңіл-күйіңізді түсіру;
- Сынды айтушы адам бар ашуын сізден алып жатыр. Ал ашулануының себебі мүлдем сіз болмауыңыз да мүмкін;
- Өзінің дәрежесін өзгелерді төмендету арқылы көтергісі келеді;
- Ол нағыз эгоист адам болуы мүмкін. Яғни сізді тәрбиелегісі келеді;
- Және ең соңғысы, ол сіз үшін шын мәнінде алаңдауы мүмкін. Оның мақсаты сізді мұқатып, кекету емес, керісінше көмектесу, қателігіңізді түзетуге ат салысу.
Бізге сын айтып тұрған адамдардың шынайы мақсаттарын қалай анықтауымызға болады?
1. Көзіне тік қарап жәй ғана сұраңыз. Әрине, барлығы да шындықты айта салады деген ой болмауы керек. Десе де, оның сөйлеу мәнерінен, дауысынан анықтауға болады.
2. Мұнымен қатар, сіздің сабырлылығыңызға көзқарасы қандай екенін де байқаңыз. Мүмкін сабырлылығыңызды көріп ашуланып тұрған шығар.
3. Сізге сын айтқан соң, бірден жеңілдегенін байқасаңыз, онда бар ашуын сізден алып жатқаны.
4. Ашуы үдей түссе, өзінің дәрежесін көтергісі келгені.
5. Сізге белгілі бір әрекеттерді ұсынса, сізді пайдаланғысы келгендігі.
Сын шынайы айтылған жағдайда белгілі бір айланы пайдаланып, қорғанудың қажеті жоқ. Қайта сын айтушымен тез тіл табысуға болады. Мұндай сынды соңына дейін тыңдап, пайдамызға асырғанымыз жөн.
Сыннан қорғанатын психологиялық тәсіл қандай?
1. Жоғарыда айтқанымыздай ең бірінші кезекте сабырлы болуымыз керек. Жаман сөздер көңіліңізге тимегені абзал.
2. Көз алдыңызға араларыңызда әйнек тұр деп елестетіңіз. Сіз оны жақсы бақылай алғанмен, еш сөзін естімейсіз. Ол аквариум ішіндегі балық сияқты. Аузын ашқанмен сөйлемейді.
3. Алайда кез келген сынға жауап қайтару керек. Өзіңізді барынша сабырлы ұстасаңыз да, үндемей тұра бергеніңіз жараспайды. Сол себепті, дұрыс сөз сөйлеу мәнерін таңдап, лайықты жауап қайтарыңыз.
4. Сынды айтып тұрған адамның мақсатын, дәрежесін, интеллектуалдық біліктілігін, сіздің жауабыңыздың ол адамға қалай әсер ететіндігін алдын ала ескеріңіз.
5. Өзі сынды қалай айтса, дәл солай жауап қайыруға болады. Оның сөйлеу мәнерін де көшіріп көріңіз.
6. Кейде мәдениетті түрде түсіндірудің өзі жеткілікті.
7. Мұнымен қатар, онымен сөз таластырып, өзіңіздің көзқарасыңызды дәлелдеуге тырыспаңыз.
8. Тақырыпты ауыстырыңыз. Осылайша қателіктерге онша мән бермейтіндігіңізді көрсетіп, сынаушының ашуын өзге арнаға бұрып жіберіңіз.
9. Сынаушы көңілді жүруді ұнататын болса, орынды әзілмен құтылуға болады. Алайда табиғатынан күлмейтін адаммен қалжыңдасамын деп мерзіміңізден бұрын мертігіп жүрмеңіз.
10. Келесі бір әдіс – ашу мен әзілді араластыру. Басында берген жауабыңыз қаталдау болсын. Бұл өзіңізге көтеріңкі дауыспен айтылған сөздерді көтермейтіндігіңізді көрсетеді. Артынша сөзіңізді қалжыңмен аяқтаңыз.
Және еш уақытта эмоцияларыңызға ерік бермеңіз. Егер, шынымен де, шектен шығып, ашуға булығып кетсеңіз төмендегі қарапайым әдістерді пайдаланыңыз.
1. Сынаушыға қарсы жауап қайтармас бұрын, іштей 10-ға дейін санаңыз.
2. Терең демалыңыз. Бірнеше секунд демалмай тұрыңыз.
3. Осындайда орыстың атақты жазушысы Антон Палович Чехов тіл мен тістерді бір-біріне үйкеп, қайрауды ұсынған екен. Әрине, мұндай әдістен кейін жауапты кеш қайтарасыз. Бірақ, жақсылап ойланып аласыз.
Бетіңізге айтқан айыптаулардың барлығын көңіліңізге ала бермеңіз. Кез келген адам қателік жібереді. Сондықтан, психологиялық шабуылдарға еңсеңізді тік көтеріп жауап қайтарыңыз. Және ашуланшақ сыншыларға еліктеудің қажеті жоқ. «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, Және де хақ жолы осы деп әділетті» деп Абай атамыз айтқандай өзгелерге мейіріммен қарап, қателіктерін кешіре біліңіз.
Ал сіз сынды қалай қабылдайсыз?
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: wikihow.com