Сыңарымды қалай таңдаймын? #2

Сыңарымды қалай таңдаймын? #2

Өмір жолында бірге болатын адамды таңдау – үлкен жауапкершілікті талап ететін іс. Бұл істе сізге көмекші болатын кеңестерді ұсынамыз.

Басы

Өзіне-өзі күле алатын адамды таңдаңыз. Бұл дегеніміз жай ғана сізге бағытталған қалжыңды көтеру емес, қызу ұрыстың үстінде өзіңізге, не бір күлкілі жағдаятқа күле білу. Мұндай жағдайда қабақты шытып, тұрып алмай, күле білу әркімнің қолынан келеді, бірақ әркімнің қалауында емес. Қатты ренжіп, айқай-шумен ұрыстың үстінде көп адам сыңарына «болды, қоя салайық» деп айтқысы келетін кездері болады. Бұған қарсы тұра білуіңіз керек.

Кемшіліктерді көрмеудің пайдасы да бар, зияны да бар. Мысалы, ішімдікке салыну, есірткі қабылдау, құмар ойындарына берілу, заңсыз жолмен ақша табу сияқты жаман әдеттерге сезімнің күшімен көз жұму қате. Бұлардың зияны күндердің күнінде сізге де тиіп, сезіміңіз де өшетінін ескеріңіз.

Махаббат деген бір-бірін жақсы көру ғана емес, бір-біріне дос бола білу. Біз бұны жиі еститініміз рас. Бірақ сол «дос болу» дегенді бәрі түсіне бермейді. Ол дегеніміз сіз досыңызға қаншалықты қамқорсыз, сүйіктіңізге де сол көзқараспен қарауыңыз керек. Сіз досыңыздың мәселесін, мұң-уайымын тыңдайсыз ба? Ендеше сыңарыңыздың да сөйлескісі келген кезде қасынан табыла біліңіз.

Қорыта келгенде айтарымыз, өміріңізге тек жақсылық, бақыт пен қуаныш әкелетін адамды таңдаңыз!

Сурет: Дарья Лапина

Ф. Абилова