- Негізгі бет
- Психология
- Сын неліктен намысымызға...
Сын неліктен намысымызға тиеді?
Өзіне айтылған сынды жайбарақат қабылдайтын адам кемде-кем. Көп жағдайда әсіресе, холериктер мен сангвиниктер бірден қарсы шабуылға шығып, кейде тамағы жыртылғанша айғайлап, өздерін қорғауға тырысатыны хақ.
Қан қысымы көтерілуге бейім адамдардың бірден қаны басына шауып, жүрегі соғып, көзі қарауытып кететін кездері де болады. Мұндайда флегматикке қызығасыз: маңғазданып, ойланып-толғанғанша уақыт өтіп кетеді. Ал меланхоликті сын күйзеліске түсірмесе болғаны.
Сынды қалай қабылдау керек?
«Сын түзелмей, мін түзелмейді» демекші, сынның да сыны бар. Дегенмен сын айтылған бойда ақталуға не ұрсыса кетуге дайын тұрмағаныңыз жөн. Жеңіліп қалдым деп ойламаңыз. Одан да терең тыныс алып, өзіңізді сабырға шақырыңыз. Осы айтылған сынның сізге келтіретін пайдасын ойлаңыз. Сіз мұндай жағдайда ұтылмайсыз, керісінше ұтасыз. Осы жағдайды басқа бір адамдардың арасында болғанын елестетіп көріңіз. Егер сын сіздің жеке басыңызды кемітуге (мысалы, мұрның пұшық, көзің қысық деген секілді) бағытталмаса, сынның 50%-ын дұрыс деп қабылдауға болады. Алдағы уақытта мұны ескере аласыз. Сондықтан сыншының сөздерін таразылап, кейбір сөзі түсініксіз болса, анықтап сұраңыз. Мұндай қарым-қатынас сыншыны да ойландырады. Ол да өзінің ет қызумен айтқан сөздеріне кешірім сұрауы мүмкін.
Егер сын мүлде әділетсіз айтылса, оған да қам жемеңіз, әлгі адамның ішкі психологиялық қайшылықтарынан туындаған шығар, сол себепті мән бермеуге тырысыңыз.
Сынды қалай айту керек?
Біріншіден, біреуге сын айтар алдында өзіңізді сол адамның орнына қойып көріңіз. Ол сынның пайдалы жағы бар ма? Әлде кеткен есеңізді қайтару үшін сынап отырсыз ба?
Әлбетте сын айтылу керек, бірақ елдің көзінше біреудің жер-жебіріне жету этикаға жатпайды.
Екіншіден, сыннан дұрыс қорытынды шығарып, жағдайдың өзгеретініне сенімді болсаңыз ғана айтыңыз. Әбден әдетке сіңіп кеткен жайтты түзетем деп бекерге әуре болмаған абзал. Мысалы, үнемі жұмысқа кешігіп келетін әріптесіңіздің мінін түзетуге әкімшілік қана құқылы. Әділеттілік орнатам деп жүйкеңізді тоздырып, уақытыңызды жұмсамаңыз.
Үшіншіден, дипломатиялық саясатты меңгеріңіз: алдымен кісінің жақсы жағын, содан кейін біртіндеп, сынға көшіңіз. Сұхбаттасыңыз сіздің қамқорлығыңызды сезінгені дұрыс.
Төртіншіден, сыныңызды түсінікті түрде нақты айтыңыз.
Біреудің жақсы қылығына, ісіне қуаныңыз. «Біткен іске сыншы көп» болатыны жадыңызда болсын.
Сурет: ©Думан Касым
Оқи отырыңыз:
Өмірде өз орныңызды табуға көмектесетін 50 сұрақ
Жастар неге үй мен көлік сатып алудан бас тартады?
Қыздар бейтаныс жігітке 45 секундтың ішінде баға береді
Ф. Абилова