- Негізгі бет
- Психология
- Сылтау айтып сытылма......
Сылтау айтып сытылма...
Адам бойында түрлі қасиет бар. Әрбір қасиеттің өз ерекшелігі бар. Ең жақсысы – шындық айту, ең жаманы – өтірік. Сонымен қатар адамға тән ең жағымсыз тағы бір қасиет – сылтау. Сылтау айтудың ешқандай пайдасы жоқ. Ол сіздің абыройыңызды түсірмесе ешқашан көтермейді.
«Жұмыстарым бар еді...»
Сылтау айтудағы ең көп қолданылатын құлаққа жағымсыз сөздің бірі осы. «Жұмыстарым бар еді...» деп ортадан ешқандай негізсіз қашу. Бастығыңызға да, достарыңызға да бұл сөз ұнамайтыны анық. Ол қандай жұмыс, не туралы екенінен хабар бермей сытылып кету сізді тек тығырыққа тірейді. Баратын бағытыңызды әрі жұмысыңызды ашық айтқаныңыз әлдеқайда жақсы.
Достар арасында сылтау айту
Әр апта немесе әр ай сайын бір рет жиналып тұратын достар арасындағы әңгіме-дүкеннің жөні бөлек. Бірақ сол кездесуден уақыты келген сайын сылтау айтып қаша беру, достықтан ажырап қалуыңызға әсер етеді. Тіпті ең ақыры достарыңыз сізге сенбейтін болады. Сылтау айту сенімнен айырады.
Бастыққа сылтау айту
Жұмыс кестеңізге сай уақытыл жүруге ықыласыңыз аумай, әр таң сайын түрлі сылтаумен жұмысқа кешігіп келу, қалып қою беделіңізге нұқсан келтіреді. Бастығыңызға көп сылтау айтамын деп жұмыстан да айрылып қалуыңыз мүмкін. Сылтау айту жауапсыздыққа алып келеді. Жауапкершілігі жоқ адамның кімге керегі бар.
Сонымен сылтау айту сіздің өмірлік ұстанымыңызда жоқ болуы керек. Қаламай тұрсаңыз қаламайтыныңызды айтыңыз. Аспаннан сөз құрап, мың түрлі сылтау айтамын деп өз басыңыз дауға қалады.
Шыншыл болыңыз. Өтірік айтып, сылтау айтып ұятқа қалғанша, шындық айтып шешімін табыңыз.
М. Ақан