Нәзік жандылардың көпшілігі сүйіктілерінің өздерін ғана ойлайтынын айтып шағымданады. Алайда өзін ғана емес өзгелерді де ойлай білетін жандардың жағдайы қандай? Яғни эгоиске қарама-қарсы адамдардың міні бар ма? Оны жеке талдап қарастырайық.
«Эгоист» сөзі барлық жағдайда жағымсыз болып қабылданады. Мұндай адамдар өздерінен басқаларына мүлдем мән бермейді. Мұндай жандар жолықпас үшін қыздар мен жігіттер қауымының альтруистерін таңдайтындығы рас па? Әрине, өзін ғана ойлайтын сараң адамға қарағанда, өзгеге әрдайым көмектесуге бейім келетін жанды таңдаған дұрыс. Статистикалық мәліметтер эгоистерге қарағанда альтруист адамдардың отбасылық өмірде жолдары болмай, ажырасып жататындығын дәлелдеген. Шынайы да берік сезімдер үшін қандай адамдарды таңдағанымыз жөн екенін анықтайық.
Альтруиспен бірге өткізген өмірдің ерекшелігі неде?
Альтруисттердің мейірімді, қамқор, өзінің жасаған жақсылықтары үшін ешнәрсені талап етпейтін ерекше жандар екендігіне ешкімнің де таласы жоқ. Мұндай адамдар үшін мансапқа қарағанда отбасы бірінші орында тұрады. Үй шаруасындағы жұмыстарды атқарғанды жақсы көретін, бала тәрбиесінде жалықпайтын жандар болып келеді. Алайда бұл қасиеттердің жағымсыз жақтары да бар. Олар:
- Жарына деген шектен тыс қамқорлық оның жеке өміріндегі өзіне ғана тиесілі мансап жолында көтерілуге кедергі жасайды.
- Өзгелерге көмектесуде алдына жан салмай алып-ұшып қол ұшын беруі отбасылық қарым-қатынасқа да зиянын тигізеді. Отбасына жұмсауға болатын уақыттың, ақша мен күштің сыртқа кеткені көпшілікке ұнамай жатады. Демалыс күндерін де достарына көмектесу үшін арнап, амалсыздан балаларын да қараусыз қалдыратын күндері көп. Ал «Біз ше?» деген сұрақтарға «Өзгелерге де көмектесуіміз керек қой!» деген жауап қайтарып отырады.
- Альтруистердің екінші жартысы тым мейірімді, ешқандай арам ойлары жоқ жарларының жанында өздерін жаман адамдай сезінеді.
- Альтруист адамдар өте көнгіш келеді. Аналары мен жарларының айтқан сөздерінен шықпайды. Кішкентай кезінде қажет болғанда «жоқ» деп айта алмаған адамдар сол әдетін өмір бойы қайталап өтеді.
Эгоист адаммен өмір сүрудің жағымды жақтары:
Бір қызығы тек өзінің мүддесін ғана ойлап, мансаптың соңынан ерген адамдармен бірге өмір сүрудің де жағымды жақтары бар. Ондай адамдардан бірден қашудың қажеті жоқ. Біріншіден, барлық адамдардың өздігінше эгоист екендігін мойындаңыз. Екіншіден, олармен бірге өмір сүрудің төмендегідей жақсы жақтары бар екендігін ескеріңіз:
- Эгоистер тұрақтылықты жақсы көреді. Ол отбасындағы тұрақтылыққа да байланысты.
- Жарыңыз эгоист болса, сізді сүйетіндігінде күмәніңіз болмасын. Сізді сүймеген жағдайда таңдамайтын еді.
- Эгоистер жеке уақыты мен ақшасын, камқорлық іздеп жүрген адмдарға оң-солды жұмсай бермейді. Туысқандармен қарым-қатынаста да өз орнын біледі. Балаларының болашағын жасау үшін барын салады.
- Мұнымен қатар, өмірлік серіктерінің әдемі болып жүргенін ұнатады. Кемшіліктер болып жатса, оларды бірден айтып, өзгертуге көмектеседі.
Сүйген жарыңыз альтруист немесе эгоист болуы керек деген біржақты таңдауды кесіп айтуға болмас. Себебі әркімнің талғамы басқа, таңдауы да өзгеше. Альтруизм мен эгоизмнің мөлшері де әр адамда әр түрлі болады. Мұнымен қатар, біреулер үнемі сүйіктілерінің қамқорлығы мен бақылауында болғанды ұнатса, екіншілері тәуелсіз болғанды жақсы көреді. Тек бір нәрсені нақты айтуға болады: кез келген қарым-қатынаста сыйластық пен түсіне білу маңызды. «Жаныңды жардай түсінетін» деген теңеу осыған байланысты айтылса керек.
Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай
Сурет: vk.com