Сүйіктіңіздің аккаунтына кіріп көрдіңіз бе?

Сүйіктіңіздің аккаунтына кіріп көрдіңіз бе?

Қазіргі заманда адамның әлеуметтік желідегі парақшасы ол жайлы толыққанды ақпарат беріп, тіпті сырларын ашуы мүмкін. Осыны білетін жұптар бір-бірінің әлеуметтік желілеріндегі кілт сөздерін алып, тексере бастайды. Бұл қаншалықты дұрыс?           

Іздеген адам қалағанын әр уақытта табады. Сондықтан егер сіз өзіңіздің сүйікті қызыңыз не жігітіңіздің әлеуметтік желідегі парақшасын ашсаңыз, сізге ұнамайтын нәрсеге сөзсіз кезігесіз. Сондықтан жұбыңызға сенімсіздік білдірмейтін қызғаншақ болғыңыз келмесе, бұл қадамға бармас бұрын бірнеше рет ойланғаныңыз дұрыс. Мына себептерді есте ұстап жүріңіз.    

Сенім                                                                            

Жарынан кілт сөзді сұрап (ал кейде сұрамай, өзі-ақ табатын), оның парақшасын тұрақты түрде тексеріп тұратын адам оған сенбеске сылтау іздейді. Мысалы, басқа бір сұлу қыздың пікірі немесе "лайкы" кешкілік ұрыстың себебі болуы мүмкін. Жігіттер де өз кезегінде көп жағдайда қызына достарына жігіттерді қабылдауға рұқсат бермейді. Бірақ пікір еш жаман ойсыз жазылып, ал жаңа дос әріптес, туыс, группалас болып шығады. Сенімсіздік қазірде көп жұптың басты мәселесі. Осы жайлы жарыңызбен талқылап, мәселені әу бастан шешкен дұрыс. Бүгін ол сіздің парақшаңызды, ертең қалтафоныңызды, кейін қалталарыңыз бен сөрелеріңізді тексереді. Бұндай қарым-қатынастың болашағы не болмақ?  

Өзіңізді аяңыз                                                                      

Ізденіп, талпынған адам дегеніне жетпей қоймайды. Оның парақшасынан қандай да болсын кемшілік табасыз. Әрине бұл ұрысқа әкеледі. Бірақ, шын айтыңызшы, сіз онымен айырылысқыңыз келіп, мін іздеп жүрген жоқсыз. Ендеше босқа жүйкеңізді жұқартып, ұрсысудан не пайда?  

Қажет емес ақпарат                                                           

Жігіттер мен қыздардың қызығушылықтары, бос кезінде оқитын тақырыптары бөлек. Ендеше ғашығыңыздың парақшасына кіріп, тек көліктер немесе бояну ережелеріне байланысты кеңестер сынды қажет емес ақпаратты қайтесіз?          

Онда қызық не бар дейсіз?                         

Құпия сөзбен кіріп, сүйіктіңіздің барлық хабарламалары мен хаттарын оқысаңыз да, ерекше бірдеңе табу қиын. Сіз оны онсыз да жақсы білесіз. Ол жерде де сол жұмысы, достары және сіз жайлы ақпарат болмақ.         

Оның онлайн бейнесін білмегеніңіз жөн                            

Адамның интернеттегі бейнесі шын өмірдегіден айрықша болады. Табиғатынан момын адамда онлайнда батылырақ болып, орынсыз сөздер, дөрекі қалжыңдар жазуы мүмкін. Бұның бәрі тек онлайн бейне. Ол шын өмірде де сондай деп қалмаңыз.         

Түймедегідейді түйедей қылу                                                  

Кейде, әсіресе қыз балалар, түкке тұрмайтын мәселеге өкпелеп қалуы мүкін. Біз жігіт елемей, байқамаған нәрселерге де ренжи береміз. Өзіңізде осындайды байқасаңыз, артық рет жігіттің парақшасынан мін іздеп, "Аватарда неге екеуміздің ортақ суретіміз тұрған жоқ?", "Отбасылық жағдай дегенге "ғашықпын" деп жаз!" сынды әңгімелерден сақтаныңыз. 

Тыңшы                                                                        

Ал егер мұның бәрін жарыңыздан жасырын жасап жүрсеңіз, бұл ерте ме, кеш пе оған белгілі болатынын біліңіз. Оны білудің талай жолы бар. Қазірде парақшаға соңғы рет кім, қайдан, қашан, тіпті қандай компьютерден кіргенін көруге болады. Нәтижесінде ғашығыңыз сізді сенімсіздік үшін әшкерлей бастайды. Өкінішке орай, оның бұл өкпесі орынды болады.         

Ал сіз жігітіңіз не қызыңыздың аккаунтына кіресіз бе?                         

Дайындаған: Сания Аринова

Суреттер: 24h.com.vn, ngs55.ru

С. А