Солтүстік Каролина Университетінің ғалымдары қыз бен жігіттің қарым-қатынасын тексеріпті. Олардың зерттеуіне сүйенсек, ғашықтар бірге күліп отырса, олардың сезімдері ыстық және махаббаттары берік, бақытты екендігін көрсетеді екен.
Зерттеуге 20-65 жас аралығындағы 71 жұп қатысқан. Олар алғашқы кездесуі, таныстығы туралы айтып берген. Зерттеушілер әр жұптың бір мезетте күлуін бақылап отырыпты.
Зерттеу барысында әйелдер жиірек күлсе, ал ерлер көбіне сүйіктілерін күлдіріп отырыпты. Одан ғашықтар бір-бірін қуантқысы келіп тұратынын байқауға болады.
Олар бастарынан өткізген қызықты әрі романтикалық жайттарды жарыса айтып отырған. Соның ішінде нәзік жандылар романтикалық кештерді айтса, ерлер күлкілі сәттерді айтқан екен.
Түйін: көшеде келе жатқанда, қолтықтасқан қос ғашыққа кезігесіз. "Ал махаббат, таусылмайтын әңгіме" демекші, бірі езулері жиылмай әңгімелесіп келе жатады, енді бірінің шытынаған қабағынан салқындық сезіледі, ал енді бірі қуаныштары қойнына сыймай, балаша еркелеп қуанып келе жатқанын көргенде тамсана қарайсыз. Бір-бірімізге қуаныш сыйлағанға не жетсін?! Суық күнде жылы сөз айтып, күлкімен жылытайық!