- Негізгі бет
- Психология
- Сүйгеніңізбен айрылысып кетсеңіз......
Сүйгеніңізбен айрылысып кетсеңіз...
Айрылысу – ғашықтар қаламайтын қорытынды. Дегенмен, махаббатта айрылысу көп ғашықтардың басынан өтетіні тағы белгілі. Болмашы нәрселер үшін айрылыса салу – бұл махаббаттың әлсіздігі, сүйіспеншіліктің таяздығы ғана. Мейлі, қалай деген күнде де, айрылысу екі жаққа да жеңіл бола қоймасы анық.
Алайда айрылысуға шынымен бел буған ғашықтар көп жағдайда екінші махаббат өмірін бастап жатады. Ондай жағдайда алғашқы махаббаттың әсерін ендігі сүйгеніңіздің өміріне бірге ала келу үлкен қасірет. Ол сіздің өткен күндермен барлық қарым-қатынасыңызды үзгеніңізді қалайды. Ал шынымен де ұмыта алмасаңыз, оның қасына қайта барыңыз. Мені қабылдай қояр ма екен деп күдіктенбеңіз. Ол қабылдамаған күнде де, сіз оған орай бере алдыңыз. Сол үшін өкінбейсіз. Ал одан айрылып екінші өмір бастауға бекіндіңіз бе, алда болар қасіреттен сақтану үшін өткен күндерге қайта айналып соқпағаныңыз абзал. Ал өткен сәтсіз махаббат сезіміңіздің жүректегі қалдығын, өміріңізге тигізер әсерін қалай жеңуге болатынын психологиялық жақтан талдап көріңіз.
• Одан кек алуды ешқашан ойлай көрмеңіз. Махаббатыңыз саған алдымен опасыздық жасаса да, үнемі одан кек алу ойында жүрсеңіз, бұл тек сіздің ұсақшылдығыңызды ғана дәлелдеп береді. Ал оның ештеңесі де өзгермейді. Түбінде шаршайтын, азаптанатын, қайғыратын тек өзіңіз ғана екенін ойлағаныңыз жөн. Өткен күндерді қадірлеңіз. Өшпенділік дейтін жегі құртты өткен ләззатты күндеріңізге айырбастамаңыз. Одан қарымта қайтару мақсатында, кек алу ниетінде екінші біреуге сөз сала көрмеңіз. Бұлай ету өзіңізге тәуелді азап теңізіне екінші біреуді сүйреп әкелумен бірдей ғана.
• Одан біржола кетіңіз. Мүлде хабарласпаңыз. Мейлі, телефонда да, интернет желісінде де оны мүлде жауып тастаңыз. Достарыңызбен кездескенде, арадағы өткен күндерді айта бермеңіз. Ол жайлы тіс жармаңыз. Себебі, сіздің достарыңыз – бұрынғы махаббатыңыздың да жақын досы болуы әбден мүмкін ғой.
• Сылтау іздемеңіз. Онымен қайта кездесуге, тілдесуге ешқашан сылтау таппаңыз. Барлық нәрселеріңізді оның қасына қалдырмай алып кетіңіз. Сезімнің ақылға ерік бермейтін сәттері көп. Сондай сәттердің бірінде оның қасында қалған затыңызды сылтауратып, қайта кездесуге талпынудан сақтаныңыз.
• Не үшін қоштасқаныңызға талдау жасай біліңіз де, сол арқылы өзіңізді жігерлендіріңіз. Ешқашан оған немесе оның достарына өкініп жүрген кейіп танытпаңыз.
• Өткен күндердің азабында қалқып жүре бермеңіз. Жалғыз қалып, ол үшін деп ішімдікті ауызға ала көрмеңіз. Көбінде достарыңызбен көңілді күндерде бірге болуға тырысыңыз.
• Оған қатысы бар деген заттарды ешқашан жаныңызда сақтамаңыз. Сурет, телефон нөмірі, сыйлықтар бәрі-бәрін де көзіңізден таса етіңіз.
• Өзіңізді кінәлай бермеңіз. Өзіңізді кешіруге тырысыңыз. Басыңыздан өткізген істер мен айтқан сөздеріңізді еске алып өкінбеңіз. Сезім иесінің өткен күндерді өзгертуге дәрмені жетпейді. Дегенмен, сол қателіктерді қайталамауға тырысыңыз.
• Оны кешіріңіз. Ол оны кешіріп, қайта жарасыңыз дегендік емес. Оның өткізген қателігін көңіліңізге түйіп алмаңыз. Кішіпейіл, кешірімді болыңыз.
Мұның бәрі де мезеттік қасірет. Екінші рет шын махаббатыңызды жолықтырсаңыз, өткен күндер тек жымиып қана еске алар елестерге айналады. Сол үшін де оның көңіліңіздегі орнын өшіргенге дейін, жүрегіңіздегі қасірет жарасы жазылғанға дейін осылай жасағаныңыз абзал. Ақыл емес, психологиялық кеңес деп білгеніңіз жөн.
Қ. Қауымбек