- Негізгі бет
- Психология
- Сүйгеніме қосыла алмадым......
Сүйгеніме қосыла алмадым...
Халқымыздың тарихында сүйгеніне қосыла алмаған жандар аз емес: Қозы Көрпеш пен Баян Сұлу, Естай мен Қорлан, Қыз Жібек пен Төлеген, Ақбөбек пен Қайып, т.б.
Біздің оқырманымыздың: "Кеш қалған арман қайтсе іске асады? Ешқандай мүмкіндік болмаған жағдайда алыстағы қол жетпес адамның қасына қалай жетуге болады?" деген сұрақтары мені қатты ойландырды. Қол жетпес адамның кім екені нақты айтылмаған, алайда біз "ол - бұл кісінің сүйгені шығар" деген болжам жасадық.
Жоғарыда айтылған тарихқа айналған ғашықтардың жағдайын феодалдық заманның кері тартпа әдетімен түсіндірдік. Ал бүгін ше? Ондай кедергілер жоқ кезде, өркениетті өмір сүріп жақтан уақытта неліктен осындай оқиғалар орын алады?
Көрмеген, білмеген жайтқа кесіп баға беру, кеңес айту өте қиын. Дегенмен өзекті өртеген удай өкініштен қалай арылуға болады?
Біріншіден, адам өз-өзін кешіру керек. Кез келген адам жастықпен, пендешілікпен көп қателік жібереді. Мүмкін кезінде солай болу керек болған шығар. Ол кісімен қосылған күнде де бақытты өмір кешіп отыратыңызға кім кепілдік бере алады?
Екіншіден, ол кісіні де кешіріңіз. Ол кісі сізді сүйсе де, бақыты үшін күреспей, осалдық танытқан болар. Ол да жас болды ғой. "Менсіз бақытты болуға қалай дәті барды?" деп ойлау – өзімшілдік. Себебі адамның өз сүйгеніне бақыт тілейтіні бәріне аян.
Үшіншіден, өткенге салауат. Өткен өтті. Қаншама адам сүйгенінен тірідей айырылса да, жан жарақатынан жазылып, қазіргі зайыбымен бақытты күн кешіп жатыр. Неге сіз осы екінші жағдайды таңдамайсыз? Егер отбасылы болсаңыз, жарыңызды бағалаңыз, оның еш кінәсі жоқ. Жақыны қайтыс болған адам да 1,5-2 жылдан кейін есін жинап, тіршілігін жалғастырады.
Отбасын әлі құрмаған болсаңыз, соған ұмтылыңыз. Бұл сатқындық емес. Өмірдің заңдылығы. Ал сіз қаншама уақыт жараңызды тырнап, өз-өзіңізді азаптаумен күн кешіп келесіз.
Төртіншіден, маманнан көмек сұраңыз. Оның еш айыбы жоқ. Психоаналитиктер - адамдарға көмек беру үшін арнайы оқу оқыған кәсіби мамандар. Осы мамандармен жұмыс барысында өз-өзіңізге келе аласыз, яғни, бақытты ғұмыр кешуді үйренесіз.
Сәттілік тілеймін!
Сурет: ©Мади Жетібай
Ф. Абилова